АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына ықтимал килігуі ісін тергеп жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллердің сұрақтарына жауап бере алатынын мәлімдеді. Трамп бұл жайында Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты. Ол прокурорға жауап беруді "жөнсіз" деп санамайтынын, себебі "ешнәрсеге килікпегенін" айтты.
Қазанның ортасында CNN Мюллердің Трампқа өз сайлауалды штабы қызметкерлерінің Ресеймен ықтимал астыртын сөз байласқанына қатысты сауалдар тізімін жолдағанын хабарлаған. Америкалық БАҚ сонымен қатар Мюллердің Трамппен жеке сөйлескісі келетінін жазған.
Бұған дейін Роберт Мюллер Ресейдің АҚШ сайлауына ықтимал киліккенін тергеу қорытындысын қарашаның ортасында, Конгресске аралық сайлау өткен соң жариялайтыны хабарланған. Мюллер негізгі екі бап - Дональд Трамптың сайлауалды штабының Кремльмен ықтимал сөз байласуы және АҚШ президентінің әділ сот жүргізуге кедергі келтіруі бойынша тергеу қорытындысын жария қылады деп күтіліп отыр.
Мәскеу өзге елдердегі сайлауға киліккенін үзілді-кесілді жоққа шығарады.