8 қарашада Петропавлда Қазақстан-Ресей туристік көрмесінің ашылуы өтті. Форум "Қазақстан мен Ресей туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері" деген атпен өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 15-рет өтіп жатқан форумның мақсаты туристік салада Қазақстан-Ресей арасындағы іскерлік байланысты кеңейту, тарихи-этнографиялық, экологиялық және спорттық туризмді дамыту бойынша тәжірибе алмасу.
Оқи отырыңыз: Қазақстанға турист неге аз келеді?
Жиынның ашылуына Қазақстан тарабынан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов және Ресейдің туризмі жөніндегі федералды агенттігінің басшысы Олег Сафонов қатысты.
Сафоновтың айтуынша, "Қазақстан мен Ресей арасындағы туризм саласындағы байланыс қарқынды дамып келеді".
- Жыл сайын шамамен үш жарым миллион қазақстандық Ресейге келеді. Үш миллионнан астам ресейлік Қазақстанға саяхаттайды. Біз бұл көрсеткіш өсуі керек деп санаймыз. Бізде туризмді дамыту үшін біраз мүмкіндік бар, - деді ол.
Видео: Бұл форумға Петропавл қалай дайындалды?
Your browser doesn’t support HTML5
Туристік көрмеге Қазақстаннан – он сегіз аймақ, төрт ұйым және төрт туристік оператор, Ресейден он бір аймақ пен үш туристік оператор қатысып жатыр.
Форумның екінші күнінде, қарашаның 9-ында, Қазақстан мен Ресей президенттері, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин, кездеседі.
Әкімдік "осы форум кезінде Петропавлға мыңнан аса қонақ келеді" деп сенеді.