Сенбі күні Парижде полиция жанармайға акцизді қымбаттатуға қарсылық акциясына шыққандарға жас ағызатын газ бен су шашқан. Бірнеше жүз адам Елисей алаңындағы президент сарайына баруға талпыныс жасаған.
Демонстранттардың бір бөлігі көшеде баррикадалар орнатуға кіріскен. Олар полицияға петарда, түтіндейтін құтылар лақтырған. Шеру кезінде президент Эммануэль Макронды отставкаға кетуге шақырған талаптар айтылған. Қанша адамның зардап шеккені туралы әзірше нақты мәлімет жоқ.
Биліктің жанармай акцизі бағасын көтеруіне қарсы шеруге кемінде 30 мың адам қатысады деп болжанған. Көшедегі тәртіпті қамтамасыз етуге үш мыңға жуық полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Билік оңшыл және солшыл экстремистер ықпалымен наразылық зорлық-зомбылыққа ұласып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Ішкі істер министрі Кристоф Кастанер әсіреоңшыл саясаткер Марин Ле Пен мен оның жақтастарын наразылықты ұйымдастырды деп айыптаған. Ле Пен мен солшылдар жетекшісі Жан-Люк Меланшон ішкі істер министрін шеруге қарсы асыра күш қолданды деп кінәлаған.
Францияда наразылық акцияларының жалғасып жатқанына аптадан асты. Оған қатысушылар үстіне сарғылт жилет киіп, автокөлік жолдары мен жанармай бекеттеріне кіреберісті жапқан. Өткен аптада бүкіл ел көлемінде 300 мыңға жуық адам наразылық шеруіне қатысқан.
Қарсылық акциясына жанармай салығын қымбаттатуға қарсы автокөлік иелерімен бірге соңғы айларда рейтингі айтарлықтай төмендеген президент Эммануэль Макронның саясатына наразы көп адам қосылған. Кей жерлерде наразылар полициямен қақтығысып, 600-ден астам адам ұсталған.
Франция билігі жанармайға салық мөлшерін көбейту туралы шешімді ауаны ластауға қарсы күресу үшін және көліктің экологиялық таза түрлерін дамыту мақсатында қабылдағанын айтады. Салықты көтеруге қарсы франциялықтар қымбатшылық ең алдымен кедейлер мен орта тапқа қиын тиетінін айтады.