Бүгін Бішкекте "Қырғызстан: кеше, бүгін, ертең" деген тақырыппен өткен құрылтайға елдің әр аймағынан 700-ге жуық делегат қатысты деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Жиында экс-президент Алмазбек Атамбаев пен бір жыл бұрын осы қызметке жаңадан тағайындалған Сооронбай Жээнбековтің биліктегі іс-әрекеттеріне баға беріп, елдегі саяси және экономикалық ахуалды талқылаған.
Адвокат Нурбек Токтакунов Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков экс-президент Алмазбек Атамбаевтың кезінде "түзілген қылмыстық жүйені пайдаланып отыр" деп мәлімдеген.
- Атамбаевтың ең негізгі жауапкершілігі – ол сот, прокурорлар мен күш құрылымдарына реформа жүргізбей, керісінше, осы ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болып, саяси қарсыластарын жаншып, заңды саяси бәсекелестікті жойды. Ал Жээнбеков осы қылмыстық жүйені қолына алып, қазір соны қолданып жатыр. Жээнбеков те прокуратура, сот, милиция қызметкерлерінен ұйымдасқан қылмыстық топты саяси оппоненттеріне қарсы пайдаланып отыр, - деді ол.
Президент пен оның аппараты әзірге Токтакуновтың сөзіне қатысты комментарий берген жоқ деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Құрылтайда сөйлеген Бішкектің бұрынғы мэрі Нариман Түлеев экс-президент Алмазбек Атамбаевпен бір ұшақта 3,5 сағат бойы сөйлескен кезде оған "түбінде қамалатынын" бетіне айтып салғанын, бұл сөзге Атамбаевтың "мақұл" деп жауап бергенін айтты. "Бұл кісі түрмеге отыруға дайын екен" деп тұжырым жасаған Түлеев жиындағы сөзінде Жээнбековті мақтаған.
- Атамбаевты тұтқындау – бүгінгі күннің шаруасы. Ал ертеңгі іс – мен құрметті Сооронбай Шариповичті танымаймын, өмірімде қол алысып көрген емеспін. Ол туралы "досым мені сатып кетті" деп айтып жүр, бірақ ол кісінің қырғыз елін сатпағанын және тәуелсіз президент екенін танытқанын мойындауымыз керек. Оған 2019 жылға дейін уақыт берейік деген ұсыныс айтып жатыр ғой, меніңше 2020 жылға дейін уақыт беріп, қолдауымыз керек, - деген ол.
Бішкектегі құрылтайға қатысуға Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев пен қазіргі президенті Сооронбай Жээнбековке те шақырту жіберілген. Бірақ Атамбаев бүгінгі жиынға келмеген, ал мемлекет басшысының атынан жиынға президент аппараты басшысының бірінші орынбасары Алмаз Кененбаев қатысқан.
Оқи отырыңыз: Экс-президент Атамбаев қалай байығанын айтты
Құрылтай қортындысында президент Жээнбековтің өткен жылы атқарған қызметіне "қанағаттанарлық" деген баға берілген. Ал оған дейін алты жыл президент болған Атамбаевтың жұмысы "нашар" деп бағаланып, оның президенттігіне құқықтық баға беру және оны қылмыстық жауапқа тартуға болмайтын иммунитеттен айыру туралы талаптар айтылған.
Бұған қоса құрылтай қабылдаған қарарда саяси тұтқындардың қылмыстық істерін қайта қарау қажеттігі мен елдің жаңа Конституциясын қабылдау туралы бастама айтылған. Құрылтай Қырғызстан Жогорку Кеңешіне (парламент) "жұмысын жеткіліксіз атқарып отыр" деген баға берген.