Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель сенбі күні "Үлкен жиырмалық" (G20) елдерінің лидерлері саммиті аясында Буэнос-Айресте келіссөз өткізген. Делегация мүшелері де қатысқан келіссөзге журналистер қатыстырылмаған, сондықтан онда қандай тақырып қозғалғаны әзірше белгісіз.
Бұған дейін Меркель Қара теңіздегі Керчь бұғазында Ресейдің украиналық үш кеме мен теңізшілерді ұстағаны туралы Путинмен кездесуде міндетті түрде айтатынын мәлімдеген.
Бұған дейін желтоқсанның 1-і күні Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі деп жоспарланған. Бірақ Трамп Ресейдің украиналық кемелерді ұстағаны үшін Путинмен кездесуден бас тартатыны туралы мәлімдеген.
Осының қарсаңында құрамына өзге елдерімен бірге АҚШ пен Германия да кіретін "Үлкен жетілік" Ресейді тұтқындағы теңізшілерді босатуға шақырған.
Қара теңіздегі оқиғаға байланысты бірқатар елдер мен саясаткерлер Балтық теңізінің түбімен Ресейді Германиямен жалғастыратын "Солтүстік ағын-2" газ құбыры құрылысын тағы да сынаған. Польша Ресей болашақта "құбырды қорғау" деген сылтаумен күш қолдануы мүмкін деп санайды. Бұл жобаны АҚШ пен Украина да сынаған. Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас "жобадан бас тартқаннан ешкім ұтпайды" деп жауап берген.
G20 саммиті қарсаңында Германия сыртқы істер министрлігі "Украинадағы бейбітшілік үшін бес бап" деп аталатын құжат жариялаған. Онда Минск келісімдерін орындау, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бақылаушыларының ролін нығайту, Донбасқа бітімгершілік күштерін енгізу, Украинадағы реформаны қолдау қажеттігі, сонымен бірге Ресейдің Қырымды аннексиялауын мойындау мүмкіндігін жоққа шығару туралы айтылған.
Аргентинадағы "Үлкен жиырмалық" саммиті аясында Путин Түркия президенті Режеп Ердоғанмен, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездеседі деп жоспарланған.