Ресей Азов теңізіндегі украин порттарының кейбірін қайта ашты. Бұл туралы Украина инфрақұрылым министрі Владимир Омелян хабарлады.
Оның сөзінше, Керчь бұғазы арқылы Бердянск және Мариуполь украин порттарына кемелер қайта қатынай бастаған. Министр кемелерді Ресей тарабы тоқтатып, тексеріп жатқанын айтады. Омелянның хабарлауынша, Азов теңізіне кіруге – 17 кеме, Қара теңізге кіруге бір кеме кезек күтіп тұр. Тоғыз кеме порт айлағында тұр.
Украин порттарының қайта ашылуына, Омелянның ойынша, Ресей әрекетіне "халықаралық реакцияның қатаң және нақты реакциясы себеп болған". Министр "таяу арада порттың барлығы ашылады, артынша Ресей тұтқындаған теңізшілер бостандыққа шығады деп үміттеніп отырғанын" айтты.
Бұған дейін Украина президенті Петр Порошенко Біріккен ұлттар ұйымының халықаралық сотына Керчь бұғазындағы Ресей әрекетін Мәскеудің агрессиясы деп тану туралы шағым түсіруге дайындап жатқанын мәлімдеген.
Қарай отырыңыз: Ресей катерінің Украина буксирін соққан сәті
Your browser doesn’t support HTML5
25 қарашада Ресей шекарашылары Керчь бұғазында Украинаның үш әскери кемесіне оқ атып, экипажымен қоса тұтқындаған. Шабуылда украиналық 24 теңізші ұсталып, кейін олардың үшеуі екі айға қамалған.
Ресей билігі украиналық кемелерді шекарадан заңсыз өтпек болды деп айыптайды. Киев Ресей билігін арандату әрекетін жасады деп айыптап, оқиғаны "басқыншылық" деп атады. Владимир Путин бұл жағдайды Порошенконың "сайлау алдындағы арандатуы" деп бағалады.