АҚШ-та коммерциялық ғарыш туризмі саласын дамытуды көздейтін Virgin Galactic жеке меншік компаниясының SpaceShipTwo ғарыш аппараты жаңа әлемдік рекорд орнатты. Екі ұшқыш мінген SpaceShipTwo жұмаға қараған түні 82 километр биіктікке көтеріліп, дыбыстан үш есе артық жылдамдықпен ұшқан.
SpaceShipTwo Калифорния штатының оңтүстігіндегі Мохаве даласындағы аэродромнан ұшырылған. Әуелі WhiteKnightTwo ұшағы 14 километр биіктікке көтергеннен кейін SpaceShipTwo ғарыш аппараты ұшақтан ажырап, 42 секундтан соң мезосфера қабатына жеткен. Кәдуілгі ұшақтар атмосфераның бұл қабатында ұша алмайды.
SpaceShipTwo бірнеше минуттан соң жерге қонған. Ғарыш аппараты сынағына қатысқан Virgin Galactic компаниясының басшысы, британ миллиардері Ричард Брэнсон "енді бірнеше айдан соң SpaceShipTwo алғашқы ғарыш туристерін алып ұшады және олардың арасында өзім де боламын" деп мәлімдеген.
SpaceShipTwo ғарыш аппаратымен екі сағаттық ұшу бағасы бір адамға 250 мың долларға түседі. Бұл ақшаны төлеген адам 100 километр биіктіктен Жер планетасының көрінісін тамашалап, салмақсыздықтың не екенін сезінбек. Осы кезге дейін ғарышқа алғашқы туристік сапарға бірнеше жүз билет алдын ала сатылып кеткен.
Бұған дейін Virgin Galactic компаниясы биыл жазда VSS Unity аппаратын ғарышқа шығару сынағын үшінші мәрте өткізген болатын. Соңғы жолы VSS Unity 52 километр биіктікке көтерілген. Ал 2010 жылдан бері Virgin Galactic 14 рет сынақ өткізді.
2014 жылы SpaceShipTwo ғарыш аппараты 15 километр биіктікке көтерілген кезде апатқа ұшырап, ондағы екі ұшқыштың бірі мерт болып, екіншісі жараланған.