9 қаңтарда Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Арменияның Қазақстандағы елшісі Гагик Галачян кездесті. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, екі тарап Қазақстан мен Арменияның қылмыспен күрес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарындағы байланыстарын талқылаған.
Жаңа жыл түні Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде болған төбелес салдарынан бір адам қаза тауып, төрт адам жараланған. Бұл оқиғаға қатысы бар деген күдікпен сегіз адам ұсталған. Тағы бір күдікті Нарек Гурурянға халықаралық іздеу жарияланған. 6 қаңтарда Қарағандыда жүздеген адам "қылмыскерді" табуды талап еткен. Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов іздеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан.
7 қаңтарда интернетте Нарек Гурурян есімді адам видеоүндеу жариялап, "төбелескендер арасында болғанын, бірақ кісі өлтірмегенін" айтқан.
Оқи отырыңыз: Қарағандыдағы оқиғаның хроникасы және биліктің реакциясы
8 қаңтарда Астанада өткен брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов "жанжалдың ұлтаралық сипаты барын" жоққа шығарған.
"Жанжал тұрмыстық сипатта өрбіген. Бір тарапта бір ғана ұлттың, екінші тарапта өзге бір ұлттың ғана өкілдері төбелесті деген жағдай болған жоқ. Біз тергеу кезінде бұл туралы айтқан жоқпыз, себебі барлығын анықтап алғымыз келді. Тергеу әлі жүргізіліп жатқандықтан, егжей-тегжейлі ақпарат бере алмаймыз" деді Сүлейменов.
8 қаңтарда Армения қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян қазақстандық әріптесі Ғабит Байжановпен телефон арқылы сөйлесіп, Қарағандыдағы оқиғаны талқылаған. Григорян қаза болған жігіттің туыстарына көңіл айтқан. Екі елдің де кауіпсіздік кеңестерінің хатшылары "тұрмыстық оқиғаға ұлтаралық сипат беруге болмайтынын" атап өткен.