Washington Post газеті Ресей билігі Солтүстік Кореяға ядролық қару және зымыран жасау бағдарламасын тоқтатса, атом электр станциясын (АЭС) салып беру туралы құпия ұсыныс жасағанын хабарлады. Басылым 29 қаңтар күні жариялаған мақаласында АҚШ билігінің аты-жөнін атамаған шенеунігіне сілтеме жасап, Мәскеудің мұндай ұсынысты бірнеше ай бұрын жасағаны туралы жазды. АҚШ барлау қызметі бұл ұсыныс туралы 2018 жылдың соңында ғана білген.
Мәскеудің ұсынысы бойынша, Ресей Пхеньян ядролық қару және зымыран жасау бағдарламасынан бас тартса, атом электр станциясын салып береді және оны іске қосып, одан шығатын қалдықтарын Ресейге алып кетеді. Бұл Пхеньяннің АЭС-ті ядролық қару жасауға пайдалануына жол бермейді.
Ақ үй Washington Post ақпаратына әзірге түсінік берген жоқ. Ресейдің Солтүстік Кореядағы елшісі Александр Мацегора басылым ақпаратын терістеді. "Ресей мен оның билік өкілдері БАҚ-та айтылғандай Солтүстік Кореяға АЭС салып беру туралы ұсыныс жасаған емес" деді Мацегора ТАСС агенттігіне.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Солтүстік Кореямен оның ядролық бағдарламасы туралы келіссөз өткізуге басымдық бере бастағанымен, әзірге одан айтарлықтай нәтиже шықпай отыр. Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның екінші саммиті ақпанның соңына жоспарланып отыр.
АҚШ ұлттық барлау қызметінің директоры Дэн Коутс 29 қаңтар күні сенаттың барлау комитетінде берген есебінде Пхеньяннің ядролық қарудан мүлдем бас тартуы мүмкін емесін айтқан. Коутстың сөзінше, Солтүстік Корея басшылары ядролық қаруды "режимге өте қажет" құрал санайды.