Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ өткен жылы күзде АҚШ президенті Дональд Трамптың кандидатурасын бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынған. Бұл ақпаратты жексенбі күні жапондық Asahi басылымы хабарлады. Бұған дейін Трамп та жапон премьер-министрінің өзін Нобель сыйлығына ұсынғанын айтқан еді.
Трампың айтуынша, Абэ оны Пхеньянды ядролық қарудан бас тартуға көндіру және Солтүстік Кореямен диалог орнатуға күш салғаны үшін сыйлыққа ұсынған. Трамп Абэнің Нобель комитетіне жазған хатының көшірмесі де барын жеткізген еді.
Ал басылымның жазуынша, Абэге сыйлыққа ұсыну туралы өтінішті АҚШ президентінің Солтүстік Корея басшысымен кездесуінен (маусым айы, 2018 жыл) АҚШ ресми өкілдері жасаған. Жапонияның сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратқа қатысты жауап бермеген. Ақ үй де әзірге түсініктеме бермеген.
Нобель комитетінің ережесі бойынша, мемлекет басшыларының кандидаттарды ұсынуына құқығы бар. Бірақ сыйлыққа нақты кімдердің ұсынылғаны және кім ұсынғаны жайлы ақпарат сыйлық тапсырылғаннан кейін елу жылдан соң ғана жарияланады.
Оқи отырыңыз: Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы табысталды
Өткен жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына конголық Денис Мукве және ирактық құқық қорғаушы Надя Мурад ие болған. Денис Мукве Конгода 1998-2002 жылдары болған қарулы қақтығыс кезінде жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді емдеумен айналысқан. Ал Надя Мурад "Ислам мемлекеті" террористік тобының Ирак әйелдеріне жасап жатқан қысымы мәселесін жиі көтерген белсенді. Ол өзі де сол топта тұтқында болған.
Осыған дейін АҚШ-тың төрт президенті - Теодор Рузвельт, Вудро Вильсон, Джимми Картер және Барак Обама бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленген.