Бүгін, 27 ақпанда Жаңаөзенге хабар таратуға барған Азаттық тілшілері - журналист Сәния Тойкен мен оператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, бес сағаттан астам уақыттан кейін қайта босатты.
- Жаңаөзендегі жұмыспен қамту орталығы маңында түсіру жұмыстарын бастап жатқанда арнайы қызметтің екі сарбазы мен бір полицей келіп, "сіздің үстіңізден арыз түсті" деп көлікке отырғызып, алып кетті. Ақтауға, Маңғыстау облыстық полиция департаментіне алып келді, - деді телефонмен хабарласқан журналист Сәния Тойкен.
Департаментте Сәния Тойкенді - облыстық полиция департаментінің тергеушісі Назарбай Жамбаев, Санат Нұрбековті Мақсат Молдабаев есімді қызметкер тергеген. Полиция журнистерге не үшін ұстағандарын түсіндірмеген, бірақ "Жаңаөзенге не мақсатпен келгендерін" сұраған.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Әйгерім Ибадуллаеваның Азаттыққа хабарлауынша, Сәния Тойкен "бір азаматтың арызы бойынша" ұсталған. Ибадуллаева арызды кім жазғанын айтпады.
Департамент өкілі Азаттықтың "Санат Нұрбеков не үшін ұсталды?" деген сұрағына жауап беруден бас тартып, ресми сауал жолдауды сұрады.
Соңғы аптада Жаңаөзенде жастар наразылық білдіріп, биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап еткен.
Видео: Жаңаөзендегі жастардың наразылығы. 25 ақпан 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5