8 сәуірде өткен қоғамдық кеңес отырысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек "сарапшылар пікірін қарап, жаңа орын іздеп, жобаны дамыта түсу үшін" "Көкжайлау" курортының құрылысын кейінге шегеруді ұсынды. Бұл туралы қазақстандық БАҚ жазды.
"Асығудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сарапшылар пікірінің бәрін ескеріп, жаңа орындар қарастыруымыз керек. ["Көкжайлау"] жобасын дамытып, кейінге қалдыруды ұсынамын. Оның үстіне, мамандардың пікірінше, ендігі бар курорттарды дамытуға аз дегенде үш-бес жыл керек. Осы уақыт ішінде тәжірибе жинап, маман дайындап, тұрғындар мен курорт қонақтарының пікірін зерделейміз. Осындан соң ғана "Көкжайлау" тау шаңғы курортының құрылысына кірісе аламыз" дейді Бауыржан Байбек.
2018 жылы күзде Алматы қаласы әкімдігі бастапқы жобаны қайта қарап, ықтимал құрылыс аумағын 14 есе қысқартқан. Бірақ қоғам өкілдері билік жоспарымен әлі де келіспейді. Олардың айтуынша, қонақүй, кафе, инфрақұрылым нысандарын салу таудың экологиялық жүйесіне үлкен зиян келтірмек.
Оқи отырыңыз: Көкжайлауды қорғауға арналған Kоk-Jaılıaý basqosý шарасы басталды
Алматыға жақын "Медеу" мұз айдынынан төрт километр қашықтықта орналасқан шатқалға курорт салу жобасы 2002 жылы көтерілген. Алматы билігі оның тау экожүйесіне зиян келтірмейтінін айтады. Қалалық әкімдіктің пікірінше, жоба туризмді дамыту үшін өте маңызды.
Көкжайлауға курорт салуға қарсы қоғамдық экологтардың шағымы бойынша сотта бес іс қаралды. Прокуратураға жиырмадан астам арыз түсті.
2017 жылы Орхус конвенциясын сақтау мәселелері жөніндегі комитет Қазақстанның жобаны талқылауға қоғам өкілдерін қатыстыру ісінде Конвенция талаптары мен жергілікті заңнаманы сақтамаған деп тапқан.
Видео: Көкжайлау курортының құрылысы аясындағы дау. Бастан-аяқ.