Сәуірдің 26-сы күні Италиядағы қазақстандық студенттер Алматы марафонында баннер ілгені үшін қамалған жастарды қолдап, акция өткізді.
Акцияны ұйымдастырған азаматтардың айтуынша, Миландағы Бейбітшілік аркасы алдында өткен шараға келгендердің қолында Per La Libertà (Еркіндік үшін - ред.) деген жазуы бар плакат та болған. Арка маңынан өткен адамдар шараға қатысушыларға өте көп сұрақ қойып, акцияның мәнісін білгісі келген.
Жастар оларға "елде белсенділердің қудаланатынын, сот процестерінің қалай өтетінін, азаматтардың пікірін еркін айтудан қорқатынын және елдегі өзге мәселелер туралы" айтқан. Студенттер осы шараны өткізу арқылы Қазақстандағы "демократияның жақсы жаққа қарай өзгеруін" талап еткісі келгендерін айтқан.
Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Баннерде "#меніңтаңдауымбар #adilsailayuzhin" деген жазулар да болған. Төлесова мен Толымбеков баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан.
Сот осы акцияны камераға түсірген тағы үш белсенді Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.
Қамауда отырған Әсия Төлесованың жақындары мен адвокаты 23 сәуірден бері аштық жариялап отырғанын хабарлады. Бұл ақпаратты Қазақстан бас прокуратурасы да растады.
Алматы тұрғындары қамаудағы белсенділерге қажетті заттар апарып, қолдау көрсетіп жатыр.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Freedom House және Amnesty International Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырды.
Чехия, Франция, Ұлыбритания және Грузияда оқитын қазақстандық студенттер осы елдердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері алдында Төлесова мен Толымбековті қолдап, "Шындықтан құтыла алмайсың" акциясын өткізді.