28 сәуір күні кешке Нұр-Сұлтандағы Есіл өзені жағалауына бір топ жас жиналып, Алматы марафоны кезінде баннер ілгені үшін әкімшілік жазаға тартылғандарға қолдау білдірді.
Олар қолына қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтің, сот айыппұл салған Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов пен Айгүл Нұрболатованың суреттері мен "Наши герои" (Қаһармандарымыз) деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Акцияға қатысушылардың бірі "Шындықтан құтыла алмайсың. Менің таңдауым бар" деген жазуы жазылған жейде киіп алған.
"Достарымыз 21 сәуірде Алматыдағы марафонда баннер ілгені үшін қамалып отыр. Адвокат олардың кінәсіздігін дәлелдесе де, полиция баннерде "Ұлт лидері - ұлт масқарасы" деген жазу бар деп" жала жабылған хаттама толтырған. Полициямыз өзінің шынайы бейнесін көрсетті. Біздегі сот жүйесі әділетсіз" деп айқайлады олар.
Акцияға қатысқан Екатерина Цхайдың Азаттыққа айтуынша, қолдау білдіруге келгендер бірін-бірі танымайды, тек Facebook-те келісіп, әркім өз қалауымен келген.
- Ел бетіне ұялмай қарау үшін достарымызды қолдауға келдік. Көп тұра алмадық. Бізді де алып кете ме деп тез кетіп қалдық, - деді ол.
Алматыда қамалған жастарды қолдау акциясын өткен аптада Чехия, Франция, Ұлыбритания, Италия мен Грузияда оқитын қазақстандық студенттер де өткізген.
Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Сотта олар бұл баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан еді. Сот осы акцияны түсірген тағы үш белсендіні - Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.
Қамауда отырған Әсия Төлесованың адвокаты 23 сәуірден бері белсендінің аштық жариялап отырғанын хабарлады.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.