Қазақстанда 6-12 мамырда ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуінше, 6-12 мамырда көшеде және қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін полиция және арнайы жасақ көбейеді. ІІМ "полиция мерекелік шаралар болатын жерлер мен "Мәңгілік даңқ - Бессмертный полк" шеруі өтетін көшелерде қауіпсіздік шараларын күшейтетінін" хабарлады.
Министрлік қоғамдық тәртіпті бұзу, шаралардың өтуіне кедергі келтіру фактілері болса, полиция заңға сай жедел әрекет ететінін ескертті.
Қазақстан 7 мамыр Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр Жеңіс күні ретінде атап өтеді.