Ресей ішкі істер министрлігі "Медуза" интернет басылымының тілшісі Иван Голуновқа қатысты істі тоқтатты. Бұл туралы 11 маусымда ішкі істер министрі Владимир Колокольцев айтты. Министрліктің мәлімдеуінше, тілші 11 маусымда үйқамақтан босатылады.
Ресей ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Голуновты ұстаған полицейлер қызметтен босатылған.
Оқи отырыңыз: Ресейде журналистің тұтқындалуы қоғамдық резонанс туғызды
Ресейлік зерттеуші журналист, "Медуза" интернет басылымының тілшісі Иван Голунов 2019 жылы 6 маусымда Мәскеу орталығында "есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындаған" деген күдікпен ұсталды. 8 маусым кешке сотта прокурор оны екі айға тұтқындауды сұрады, бірақ сот оны үйқамақта қалдыру туралы шешім шығарды.
Журналист өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, есірткі сөмкесіне қасақана салынған деп санайды. Голуновтың әріптестері айыптауларды оның кәсіби қызметімен байланыстырып, ІІМ басқармасы ғимаратының жанында пикет өткізді. Халық биліктен журналисті босатуды талап етті.
12 маусымда журналистер мен белсенділер Мәскеуде Голуновты қолдап шеруге шықпақ болған.