Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға митинг кезінде ұсталған азаматтардың кінәлі, я кінәсіз екенін анықтауды тапсырды.
Тоқаевтың сөзінше, кінәсіз азаматтар мен оқиға орнында кездейсоқ жүріп, ұсталғандарды босату қажет. Бұл туралы Қазақстан президенті 12 маусымда Twitter парақшасында жазды.
12 маусымда Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Ол 9 маусымда өткен президент сайлауынша 70,96 пайыз дауыспен жеңіске жеткен.
Тоқаевты ұлықтау рәсімі елде билікке қарсы азаматтардың наразылығы күшейген тұста өтті. Осы күні бас прокуратура бейбіт митинг туралы заң ережесін бұзғандар жауапқа тартылатынын кезекті рет рет ескертіп, мәлімдеме жасады.
Қазақстан азаматтары президент сайлауына дауыс берген 9 маусымда және сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланған келесі күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, ресми мәлімет бойынша, 700-ге жуық адам ұсталған. Құқық қорғаушылар билік ұсталғандар санын "тым азайтып көрсетті", ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады деп мәлімдеді. Бұған дейін ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған. Билік ешқандай мәлімет бермей отырған ұсталған азаматтардың аты-жөнін анықтаумен еріктілер айналысып жатыр.
Құқық қорғаушылар биліктен полицияның 9 және 10 маусымда азаматтарды ұстаған кезде қатыгездік танытуы мен "азаматтардың құқығын жаппай бұзу" фактілерін, соның ішінде бейбіт жиын, шеру мен пикет өткізу құқығын бұзуды мұқият тексеруді талап еткен.
10 маусымда Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр" деп мәлімдеді.