Қазақстан ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы митингілер кезінде "полициядан зардап шеккен азаматтар туралы әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды" деді. Бұл туралы Байболов 13 маусымда орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны кезінде айтты.
- Полицейлер барлық шараны заңға қабылдады деп сенімді түрде айтуға болады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері барынша ұстамды болды, - деді Байболов.
Оның сөзінше, "заң бұзғандарды ұстау кезінде арнаулы құралдар пайдаланылмаған".
Әкімшілік полиция келтірген дерекке қарағанда, 9-11 маусым күндері 957 адам полиция бөлімшесіне жеткізіліп, жауапқа тартылған. Оның 657-сіне - қамау, 128-іне айыппұл кесіліп, 168 адамға ескерту берілген.
- Қамауға алынғандар ішінде 94 адам мерзімі өтуіне байланысты босап шықты. Бүгін сот шешімімен 345 адам тағы босап шықпақ. Қалғаны - 218 адам, - деді Байболов.
Комитет төрағасының сөзінше, "қоғамдық тәртіпті қалыпқа келтіру кезінде үш полиция зардап шеккен".
Видео: Полиция азаматтарды қалай ұстады?
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанда билік рұқсат етпеген митингілер президент сайлау өткен 9 маусымда және 10-11 маусым күндері өткен. Наразылар президент сайлауының ресми қорытындысына қарсылық білдіріп, кейбірі қамауға алынғандарды босатуды талап еткен. 12 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында қауіпсіздік күшейіп, интернет бұғатталған.
Президент сайлауында жеңімпаз танылып, 12 маусымда қызметіне кіріскен президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның наразыларды ұстауы "міндетті шара" деп атаған. Қазақстанның ішкі істер министрлігі наразылық акциясына қатысушыларды "арандатушылар" деп сипаттайды. Бас прокуратура "заңбұзушылықтарға одан әрі тосқауыл қоюға" уәде еткен.
Бұған дейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі 9-10 маусым күндері 700-ге жуық адам ұсталғанын хабарлаған. Құқық қорғаушылар билік ұсталғандар санын "тым азайтып көрсетті", ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады деп мәлімдеді. Министрлік Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған.
12 маусымда Біріккен Ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі басқармасы "бейбіт наразыларды жаппай ұстау – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне айқын қайшылық" деген. Ұйым Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырған.