Ресей президенті Владимир Путин 8 шілдеден бастап Ресейден Грузияға жолаушыларды тасымалдауға тыйым салды.
21 маусымда президент қол қойған жарлықта Грузиядағы ресейліктердің отанына қауіпсіз оралуы үшін жағдай жасау жайлы да айтылған. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Грузиядағы жағдай қалпына келмейінше жарлық күшінде болатынын айтқан.
"Грузиядағы жағдай қалпына келуі тиіс және азаматтарымыздың өміріне қауіп төнбеуі қажет" деп ресейлік РБК арнасы Песковтің сөзін келтірген.
Ресей туристік операторлар қауымдастығының бағалауынша, Грузияда қазір 5-7 мың ресейлік турист бар. Жеке өз бетімен саяхаттап жүргендердің саны 2-3 мыңнан асады. Ресейлік авиакомпаниялар Грузияға тасымалдайтын авиабилеттер сатуды тоқтатты және 8 шілдеден кейінгі күндерге алынған билеттердің ақшасын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді.
Грузияда бірнеше күннен бері наразылық жалғасып жатыр. Оған Ресейдің мемлекеттік дума депутаты Сергей Гавриловтың парламент спикері мінберіне көтеріліп, орыс тілінде сөйлеуі себеп болған. Грузияға ресми сапармен келген Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Ресей коммунистік партиясының мүшесі Сергей Гаврилов әлемнің бірқатар елінің өкілдерін біріктіретін парламентаралық православ ассамблеясының жиынына төрағалық еткен еді. Оның парламент спикері орнына отырып алуы әуелі отырысқа қатысқан депутаттардың наразылығын туғызды. Гавриловты Ресей президенті Владимир Путиннің серігі деп санайтын грузиялық азаматтар ол Грузияның сепаратистік аймақтары - Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қолдау білдірген Мәскеудің іс-әрекетін құптайды деп есептейді. Кейінірек парламент отырысындағы наразылық көшеде жалғасты.
Жұма, 21 маусымға қараған түні парламент ғимараты алдына жиналған оң мыңға жуық наразы азаматты тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ қолданды. Наразылар парламент спикері мен ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап етті. 21 маусымда парламент спикері Ираклий Кобахидзенің отставкаға кететіні белгілі болды.
Елдің денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қақтығыс кезінде 240 адам зардап шеккен. Елдің ІІМ 305 адамның ұсталғанын хабарлады.
21 маусым кешке Ресейдің ішкі істер министрлігі азаматтарына Грузияға бармауға кеңес берді.