Қазақстандық белсенді Данияр Хасенов ПАСЕ (Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясы) жиынына қатысу үшін 23 маусымда таңертең Алматыдан Еуропаға ұшып кетуі тиіс болған. Бірақ оны Алматы әуежайында тоқтатып, ұшуына рұқсат бермеген.
- 6.45-те ұшуға тиіс едім. Әуелі Стамбулға, әрі қарай Еуропаға. Менде Шенген визасы бар, шақыртуым да бар. Ешқандай қарызым жоқ. Үстімнен қозғалған қылмыстық іс те жоқ. Бірақ шекарада (Алматы әуежайы) төлқұжатымды тартып алып, "Алматы қалалық ішкі істер департаменті елден кетуге тыйым салды" деді. Осылайша қолыма ескертпе берді. Бірақ онда қандай негізде кімнің қалай тыйым салғаны туралы ештеңе жазылмаған. Қандай мерзімге дейін екені де көрсетілмеген. Сосын төлқұжатымды ескертпемен бірге қайтарып берді, - деді Данияр Хасенов Азаттық тілшісіне жексенбі күні.
Белсенді Twitter-дегі парақшасына әуежайда берілген ескертпе мен визасының суретін де салып қойған.
Ол бұған дейін 25 маусымда өтетін Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының жиынына қатысуға шақырту алған. Оны парламенттік ассамблеясына мүше депутаттар жіберген. Бұл кездесуде елдегі адам құқығының ахуалы талқылануы тиіс болған. Енді бұл жиынға үлгермейтінін айтып отыр.
- Мен бүгін полиция департаментіне бардым. Ондағы кезекші қызметкер бүгін жексенбі болғандықтан ешкім жұмыс істемейтінін, жауап бере алмайтынын айтты. Бірақ қалай болғанда да шекарада қандай негізде тыйым салынғаны түсіндірілуі керек еді деді. Ал шекарада маған ешкім ештеңе айтқан жоқ. Ақырында билетім, жалға алған қонақ үй чектері күйіп кетті, - дейді ол.
Данияр Хасенов өзін елден жібермей жатқанын шақыру жіберген депутаттар да хабардар екенін жеткізді.
- Бір апта бұрын менің, әкемнің банктегі есепшоты бұғатталып қалған еді. Бірақ сол күні-ақ бұғаттау алынған. Бұл жолы да мәселе жылдам шешілер деп үміттенем, - деді белсенді.
Оның айтуынша, ПАСЕ жиынында тек Қазақстан ғана емес, Грузия, Молдова сияқты постсоветтік елдердегі адам құқығы ахуалы талқыланбақ.
Азаттық тілшісі Алматы қалалық полиция департаментіне хабарласқанмен жауап ала алмады.
Бұған дейін бір топ қазақстандық жас Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Тусктің Қазақстанға сапары қарсаңында "елдегі адам құқығының өрескел бұзылуы" жайлы ашық хат жазған. Бұл оқиғадан кейін хат жазған кейбір белсенді жастарға қысым көрсетілгені хабарланды.