Түркістан облысындағы Арыс қаласындағы жарылыстан тағы бір адам қаза тапты. Бұл туралы төтенше жағдай комитетінің өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет хабарлады.
26 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынындағы Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев қаза тапқан азаматтың 2013 жылы әскерге шақырылған сержант екенін айтты. "Әбдіқұл Ахметов 1987 жылы Шымкентте туған. Кеше, 25 маусымда ауруханада көз жұмды" деді Дәндібаев. Қаза тапқан әскери Арыстағы жарылыс кезінде жараланған.
Марқұмның артында жары мен бір баласы қалды.
Министрлік өкілі "тағы екі әскеридің халі ауыр" екенін айтты.
24 маусымда Арыстағы әскери қоймада болған жарылыс болған. Бұған дейін құзырлы органдар жарылыстан екі адамның көз жұмғанын хабарлаған. Оның бірі - көлігіне снаряд түскен Арыс тұрғыны, екіншісі - әскери.
25 маусымда Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі жарылыстан соң он бес адамның жан сақтау бөліміне жатқызылғанын хабарлаған. Оның төртеуі - бала. Тоғыз адамның халі ауыр. Барлығы 165 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Оның 89-ы ауруханада жатыр.
Жарылыс Арыс қаласынан 200 метр жерде жатқан әскери қоймадан шыққан. Қазақстан қорғаныс министрлігінің дерегі бойынша, 90 тоннаға жуық артиллериялық оқ-дәрі сақтаулы тұрған қоймадан өрт шыққан. Өрт себебі әзірге белгісіз.
Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан, 45 мыңнан аса тұрғыны бар Арыста соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болып, он шақты адам қаза тапқан.