6 шілде күнгі митингі кезінде ұсталып, 11 күнге қамалған Алматы тұрғыны Қалас Нұрпейісовті полиция 17 шілдеде қамаудан шыққан жерінен қайта ұстаған. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне Нұрпейісовтің әйелі хабарлады.
Туыстары мен оны танитын азаматтар Нұрпейісовтің бұл жолғы ұсталуын "405-баппен қозғалған қылмыстық іспен" байланыстырады. Бірақ олар полициядан нақты жауап ала алмай отыр.
Қысқа мерзімдік қамау кезінде онымен бір камерада отырған Біржан Төлеубеков 18 шілдеде Алматы қалалық полиция департаментіне барып, Қалас Нұрпейісовтің ұсталу себебін анықтамақ болды. Бірақ оны темір қоршаудың ар жағында тұрған күзетшілер әрі қарай ішке жібермеді. "Ештеңе білмейміз, біз кеше жұмыста болған жоқпыз" деді күзетшілердің бірі.
- Оны кеше әкімшілік қамау абақтысынан қалалық ішкі істер басқармасына ауыстырған екен. Туыстарының айтуынша, оған 405-бап бойынша айып таққан. Оны "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен байланыстырып жатқан сияқты. Камерада отырған кезде ол бұл ұйымға еш қатысы жоғын айтқан болатын. Ол - қарапайым арихшы, ұстаз. Ешкімге зияны жоқ адам. Тарихи тағылым айтып, ақыл-кеңесін ғана естідім. Бүлік, алауыздық жайлы естімедім. Бізді сол кісінің жағдайы алаңдатады, - деді полициядан жауап ала алмаған Біржан Төлеубекұлы Азаттық тілшісіне.
Нұрпейісовтің адвокаты "Қазір Қалас Нұрпейісовті тергеп жатыр ма? 405-бап бойынша іс қозғалған ба?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына:
- Тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның кінәсі дәлелденбеген. Допрос жүріп жатқан жоқ, қазір "беседа" (түсіндіру жұмыстары - ред.) жүріп жатыр, - деп жауап берді. Есімін Абзал деп таныстырған адвокат қосымша сұрақтарға жауап бермеді.
Туыстарының айтуынша, Қалас Нұрпейісов 1 мамыр және 9 маусым күнгі наразылық кезінде да ұсталып, екі рет қамалып шыққан. Оны танитын азаматтар жақында жұмысынан да шығарып жібергенін айтады. Бірақ жұмыстан шығарылу себебі әзірге белгісіз.
Азаттық тілшісі 18 шілдеде Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне бірнеше рет хабарласып көрді. Бірақ жауап ала алмады.
6 шілде – елде Астана күні және елді 30 жыл басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қатар аталып өтіп жатқан тұста елдің ірі қалаларында митингілер өтіп, ресми дерек бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматыда жүзден астам адам ұсталған.
Халықты 6 шілдеде билікке қарсы наразылық білдіруге Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, 2009 жылдан бері шетелде тұратын Мұхтар Әблязов шақырған.
2018 жылы наурызда Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған. Ал Әблязовтың үстінен "тапсырыспен адам өлтірді, ірі көлемде ақша жымқырды" деп қылмыстық іс қозғап, өмір бойы түрме жазасына кескен. Ал Әблязов бұл айыптардың саяси астары бар деп санайды.
Қазақстанның ірі қалаларында оған дейін де митингілер өткен. Ең ірілері кезектен тыс президент сайлауы болған күні - 9 маусымда және сайлаудан кейінгі күндері болды. ІІМ елде 9-12 маусым аралығында 4 мыңнан астам адам ұсталғанын хабарлаған. Адам құқығын қорғау ұйымдары наразылық кезінде полиция көшеде жай жүрген адамдарды да ұстап әкеткенін айтқан. Халықаралық ұйымдар сайлау күнгі полицияның әрекетін заңсыз деп сынады.
Наразылық шарасында полицияның адамдарды күштеп ұстауын PEN International, БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңсесі, Human Rights Watch және ЕҚЫҰ да сынаған. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін азаматтардың ойын еркін айтуға рұқсат беріп, қысым жасамауға шақырған.