29 тамызда Ақтөбеде бір топ ата-ана облыстық әкімдікке барып, балаларын мектепке хиджаппен кіргізуді талап етті.
Ата-аналар мектепке балаларын хиджаппен кіргізуді болмаса ақылы мектепте білім алуы үшін бюджеттен арнайы ақша бөліп, оқытуды сұрады. Олар балаларын қымбат мектептерде оқытуға қаражаттары жетпейтінін айтып, "мемлекет балалардың білім алуы үшін ақша бөледі, сол ақшаны ақылы мектептерге бюджеттен төлесін" деді.
- Билік өзі бас болып, Ата заңды бұзып отыр. Қазақстанда министрліктің ережесі Ата заңнан жоғары, - деді конституциялық құқықтары шектеліп жатқанын алға тартқан ата-аналардың бірі Берік Сүлекенов.
Келгендер арасында "балаларымыз мектепке дейін орамалмен барады, мектептің жанында шешеді, мәжбүрлікпен істеп отырмыз, бізге қысым жасалып жатыр" деп шағымданғандар көп болды. Ата-аналар арасында тек Ақтөбе қаласы ғана емес, Темір ауданындағы Шұбарши ауылынан, Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласынан келген ата-аналар да болды.
Жиналыс залында наразы ата-аналардың сұрақтарына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова, облыстық діни басқарма басшысы Әлімбек Тұрдалиев жауап берді. Олар "зайырлы мемлекеттің ережелерін сақтау қажеттігін, оқушылардың мектеп формасын сақтау маңыздылығын" айтып, түсіндірді.
Шамамен бірнеше сағатқа созылған талқылау кезінде екі жақ ортақ мәмілеге келе алмады. Жиналыс соңында ата-аналар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдайтынын айтып, тарасты.
Облыстық білім басқармасының дерегінше, 2018-2019 жылғы оқу жылында Ақтөбе қаласында "орамал дауына" байланысты жеті бала сыныптан сыныпқа көшпей қалған. Жыл соңына таман "сыныпқа көшпей қалу қаупі туындаған соң" бір бала орамалын шешіп, мектепке кірген. 11 бала өз бетінше ресейлік онлайн мектеп арқылы біліп алған. Бірнеше бала өзге облысқа көшіп кеткен.
2016 жылы қаңтарда білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрықты қабылдады.
Бұл ереже Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кейбір мектеп пен ата-аналар арасындағы дау-дамайға себепші болды.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында орамал дауынан соң жеті оқушы үш ай сабаққа келмеген
Қабылданған ережеге сай, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасына қатысты бұл талаптарды меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті.