29 тамызда әлеуметтік желіде жергілікті белсенді Галина Арзамасоваға жасалған шабуылға байланысты Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Талғар аудандық әкімдігінің өкілі Жанкелді Өмірәлиев Азаттық тілшісіне бұл ақпаратты растады.
- Оны Арзамасова ісі бойынша ұстады. Ол [Талғар ауданының] әкімі тамыздың 27-інде ауылға барған кезде-ақ қызметінен кеткен. Қазір аудандық ішкі істер басқармасында. Жауап беріп жатыр, - деді ол.
Талғар аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөлімінде отырған өзін Әлібеков деп таныстырған қызметкер Азаттыққа ақпаратты растады. Оның айтуынша, Аппазов "Бұзақылық" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іске байланысты ұсталған.
Талғар ауданындағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны, белсенді Галина Арзамасова 26 тамызда аудандық әкімдік алдында өзіне белгісіз біреулердің "пневматикалық қарудан атқан оғы жамбас сүйегіне тигені" туралы Азаттыққа хабарлаған еді. Ол Талғар ауданы әкімінің қабылдауына Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің жекеменшікке берілгенін, жерді алған адам үй салмақ боп жатқанын айтуға келген. Алған жарақатына қарамастан ол аудан әкіміне кіріп, мәселелерін жеткізген. Кейінірек ауруханаға түскен. Осы оқиғадан соң аудандық әкімдік Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің қалай сатылып кеткенін тексере бастаған.
Арзамасованың сөзіне қарағанда және ауылдағы өзге тұрғындардың да айтуынша, су тапшылығы, сапасыз жол сияқты елді мекендегі өткір мәселелерді көтеріп жүрген белсендіге алғаш рет шабуыл жасалып отырған жоқ. Жергілікті атқарушы билік органдарының ашықтығын талап етіп жүрген белсенді 2017 жылы өзіне белгісіз біреулер екі рет шабуылдағаны туралы мәлімдеген. Сонымен бірге ол үйіне ұрылар түсіп, баспанасын өртеуге әрекет жасалғанын да айтқан. Арзамасова шабуылдарды өзінің белсенділігімен байланыстырған.
Оқи отырыңыз: Арзамасоваға оқ атудың астарында не жатыр?
27 тамызда Алматы облысы полиция департаменті Арзамасоваға оқу ату оқиғасы бойынша Талғар ауданының 22 жастағы тұрғыны күдікті ретінде ұсталғанын, одан пневматикалық қару тәркіленгенін хабарлады. Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Незнаевтың сөзінше, ұсталған адамның үстінен Қылмыстық кодекстің 293-бабы ("бұзақылық") 3-бөлігі ("атыс қаруын, газ қаруды, пышақ, кастет және өзге де суық қаруды қолданып не қолдануға тырысып жасалған іс-әрекеттер") бойынша іс қозғаған. Ал туыстары белсендіге оқ тигендіктен адам өміріне қауіп төндіру бойынша іс қозғалғанын қалайды.