9 қазанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео америкалық PBS телеарнасының эфирінде "Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғырлар мен мұсылмандарды қудалауы - адам құқығын өрескел бұзу" деп мәлімдеді. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.
Помпеоның сөзінше, Вашингтон Шыңжаң мәселесін көтеруді тоқтатпайды. АҚШ мемлекеттік хатшысы журналистің "Шыңжаңдағы жағдайға Қытай басшысы Си Цзиньпин жауапты ма?" деген сауалына: "Си Цзиньпин Қытайды танк бөлімшесінің басшысы сияқты басқарып отыр. Елдегі шағын бизнес немесе елде болып жатқан барлық жағдай Си Цзиньпинмен байланысты" деп жауап берді.
7 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Олардың арасында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, адам жүзін анықтау құрылғыларын дайындайтын Sense Time және Megvii Technology компаниялары бар.
Бұдан бөлек, АҚШ мемлекеттік департаменті “Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де аз ұлт өкілдеріне қысым жасауға қатысы бар" Қытай билігінің өкілдеріне, олардың отбасыларына визалық шектеу қойды. Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан 8 қазанда Пекинде брифинг өткізіп, АҚШ-тан қатесін жедел түзеп, шешімін өзгертуді сұраған.
"Соңғы уақытта АҚШ дін мен адам құқығын желеу етіп, Қытайдың саясатына араласып жатыр. Қате әрі фактілерге қайшы деректер айтады" деді Шуан.
8 қазанда Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі Вашингтонның Қытай шенеуніктеріне виза беруді шектегенін сынға алған. Елшілік "АҚШ Қытайдың ішкі ісіне араласу үшін адам құқығын сылтау етіп отыр" деп мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы жағдай жайлы барлық ақпарат
Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың және басқа да аз ұлттардың өкілдері қысым көріп, лагерьге қамала бастағаны жайлы ақпарат 2017 жылы көктемде шыға бастаған. Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытай "саяси тәрбие лагерьлерде" ұстап отырғанын мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.