Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы сотта 16 қазанда қаладағы жұмыссыздық мәселесін көтеріп жүрген Ержан Елшібаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс жалғасты. Наурыздан бері Ақтауда қамауда отырған айыпталушы сотқа видео арқылы қатысты. Процесс кезінде адвокат Елшібаевты сотқа әкелмегеніне қарсылық білдіріп, шағым түсірді.
16 қазандағы сот отырысына елудей адам жиналды. Олардың арасында белсендінің жақындары мен қолдаушылары бар. Сотқа келгендер «Бостандық!» деп айғайлап, Елшібаевты босатуды, айыпталушыны сотқа әкелуді талап етті.
Жаңаөзендегі сотқа бақылаушы ретінде барған белсенді Ғалым Ағелеуов Facebook парақшасындағы трансляцияда «отырыс кезінде техника дұрыс болмады» деді. Ағелеуовтің сөзінше, сот кезінде Елшібаевтың дауысы дұрыс естілмеген. Айыпталушы да судьяның сұрағын «ести алмаған».
Елшібаевтің үстінен Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-тармағы (Бұзақылық) бойынша іс қозғалған. Тергеудің мәлімдеуінше, 2017 жылы Елшібаев қалада біреумен төбелесіп, жарақаттаған. Бұған дейін Елшібаевты қамауға алу үшін өткен сотта тергеу дәлел ретінде видео көрсеткен. Видеода Елшібаевқа ұқсас адам байқалған.
Ержан Елшібаевтың жақтастары оның ісін белсенділігімен байланыстырады. Ал екі жыл бұрын Елшібаевпен төбелескен адам сотқа куәгер ретінде келіп, айыпталушыға ешқандай кінә артпайтынын айтқан.
Ержан Елшібаевтың ағасы Темірхан Елшібаев трансляция кезінде тергеуді «хаттамаға өтірік қол қойды» деп айыптады. «Бұл туралы осыған дейінгі сот отырысында айттым. Бірақ сот тергеуге ешқандай шара қолданбады» деді Темірхан Елшібаев.
31 жастағы Ержан Елшібаев ақпан мен наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығында көзге түскен. Наразылық кезінде жұрт биліктен жалақысы жақсы жұмысқа орналастыруды талап еткен.
Наразылыққа қатысқандар полиция тарапынан қысым болғанын айтқан.
Егер Елшібаевтың айыбы дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тамызда қазақстандық құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты «саяси тұтқындар» қатарына қосқан.