Қазақстанда "экстремистік ұйым" ретінде танылған оппозициялық қозғалыстың "митингісі қарсаңында" құқық қорғаушылар жергілікті белсенділерді қорқыту-аңду амалдары жиілегенін айтады.
Нұр-Сұлтан тұрғыны Ербол Есхожинді 23 қазанда полиция сұрақ-жауап алуға шақырған. Ақмола облыстық Целиноград аудандық полициясына барған кезде полиция өкілдері оған белсенді Дулат Ағаділдің ісі бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде танылғанын хабарлаған.
Ербол Есхожиннің адвокаты Ольга Эннстің айтуынша, белсенді куәгерлік беруден бас тартқан. Полиция қызметкерлері сұрақ-жауап алу хаттамасын толтырып, жеке деректерін жазып алған.
Нұр-Сұлтан белсендісі Әлия Жақыпова да 23 қазанда өзін телефонмен полицияға шақыртқанын хабарлады. Онымен сөйлескен полиция қызметкері фамилиясын Мамадалиев деп таныстырған.
Қуғындалған белсенділер жайлы ақпарат жинаумен айналысатын Facebook-тағы #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists тобының дерегінше, 17-21 қазан аралығында белсенділерге 11 қысым көрсету оқиғасы анықталған. Топ дерегінше, соңғы бір аптада Алматыда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзған" бірнеше белсенді әкімшілік жазаға тартылған. (Төрт белсендінің үшеуі 5-10 тәулікке қамалып, бір белсендіге айыппұл салынған).
Топ жетекшісі, "Открытый диалог" қорының президенті Людмила Козловска "Бейбіт жиын қарсаңында Қазақстан билігі белсенділердің ізіне түсіп, қорқыта бастады, бұл масқара жағдай" деп мәлімдеді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін қоғамдық-саяси мәселелерді көтеріп жүрген азаматтық белсенділерді қудалады деп сынайды.
Қазақстан билігінің дерегінше, 21 қыркүйекте бірнеше қалада "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған ұйым) "митингі орны" ретінде белгілеген жерлерде полиция шамамен жүз адамды ұстаған. Бұл оқиға қарсаңында ондаған адам полицияға шақырылып, кейбірі қамалды.
Билік ҚДТ-ның митингілерін "заңсыз" деп атайды. Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер жауапқа тартылғандар негізгсіз қудаланды дейді.