18 қарашада Алматыдағы Адам құқығын қорғау бюросында бір топ құқық қорғаушы мен белсенді баспасөз жиын өткізіп, Талдықорған-Өскемен арасында жол салып жатқан "Citic Construction" компаниясының Қытайдан келген жұмысшыларымен төбелесіп, қамауға алынған Қызылағаш ауылының бес жігітін сотқа дейін кепілдікпен босату туралы өтінішінің ескерусіз қалғанын айтты.
Жиынға келген адвокат Төлеген Берліқожанов "10 қазан күні екі айға қамау туралы шешім шығарған Алматы облысы Ақсу аудандық соты "егер туыстары кепіл қойса оларды қамаудан босатуға мүмкіндік барын" айтқан. Бірақ тергеушілер түрлі себеппен кепілмен босатпай отыр" деді.
Жиын өткізгендер соттан оларды кепілмен босатуды сұрады.
Адвокаттың сөзінше, бес жігіттің үстінен қазір Қылмыстық кодекстің "қару я суық қару қолданып денсаулыққа зиян келтіру" (293 баптың 3-тармағы) айыбымен қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жиынға келгендердің айтуынша, бес жігітке де кепіл ретінде үй қойылған және сотпен кепілмен босату туралы келісім де болған.
Алматы облыстық полиция департаменті бұл жиынға қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ. Департаменттің баспасөз қызметі Азаттық тілшісінен ресми хат жолдауды сұрады.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2019 жылдың 8 қазан күні Қызылағаш ауылының бес тұрғыны Қытайдың жиырма шақты азаматын соққыға жығып, оның 11-і жеңіл, үшеуі орта деңгейде жарақаттанған.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жанжал алдымен Қытайдың төрт жұмысшысы арасында басталып, кейін төбелеске ұласқан. Барлығы – "Citic Construction" компаниясының жұмысшысы. Төбелестен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар Қытай азаматы, этникалық қазақ жарақаттанған.
Департаменттің мәліметінше, "келесі күні жергілікті тұрғындар мен "Citic Construction" компаниясында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары "істің байыбына бармай Қытайдан келген жұмысшыларды ұрып-соққан". Этникалық қазақпен төбелескен Қытай азаматтары әкімшілік жазаға тартылып, 10 күнге қамалған. Кейін олар елден шығарылғаны да хабарланған. Тексеріс кезінде "Сitic Constraction" компаниясында 33 шетелдік заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталған.
Баспасөз жиынын өткізушілер Қытай азаматтарының әкімшілік жазаға тартылғанын, ал Қазақстан азаматтарына қылмыстық іс қозғалғанына да наразылық білдірді. Алматы облыстық полиция департаменті Қытай азаматтарына не үшін әкімшілік жаза қолданылғанын, ал Қазақстан азаматтарына қылмыстық іс қозғалғанын нақты түсіндірмеді.
Бұған дейін де Қазақстанда жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасында жанжал болған. Маусымның соңында Атырау облысы Теңіз кенішінде жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасындағы төбелестен, ресми дерек бойынша, 40 адам зардап шеккен.
Оқи отырыңыз: Билік шетелдік жұмысшылармен болған жанжалдың себебін айтпады
12 тамызда Қарағанды облысы Жәйрем тау-кен комбинатында жергілікті тұрғындар мен шетелдік жұмыстар төбелесіп, "бірнеше адам жеңіл жараланған". Қазақстан екі билігі екі төбелесті де "тұрмыстық жанжал" деген.