Азаттықтың Қырғыз қызметі, OCCRP және Kloop басылымы бірлесіп жасаған зерттеу жарияланғанан кейін Қырғызстан бас прокуратурасы "Адам өміріне қастандық ойлау" бабы бойынша іс тіркегенін хабарлады.
"Зерттеуге сенсек, Қырғызстан аумағында Айеркен Саймаитиді белгісіз біреулер өлтіреміз деп қорқытқан, сол себепті ол Түркияға қашуға мәжбүр болған. Журналистік зерттеуде айтылған Айеркен Сайматиге қатысты сонымен бірге жекелеген журналистерге жасалған қоқан-лоқыны тексеру мақсатында бұл деректер біріңғай қылмысты тіркеу реестрінде тіркелді. Ішкі істер министрлігінің тергеу қызметіне сотқа дейін өндірісті жүзеге асыру тапсырылды" делінген хабарламада.
Азаттықтың Қырғыз қызметі "Жемқорлықты зерттеу орталығы" (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірігіп, Қырғызстаннан кемінде 700 миллион доллар қаражаттың қалай шығарылғанын баяндайтын зерттеудің екінші бөлімін жариялады. 10 қарашада Стамбулда Қытайдан шыққан 37 жастағы кәсіпкер этникалық ұйғыр Айеркен Саймаитиді белгісіз біреулер атып кеткен. Ол журналистерге "қаржы махинациясына" мемлекеттік кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың қатысы барын айтқан.
Оқи отырыңыз: Жымқыру мен қорғаштау. Ірі жемқорлықты әшкерелеген кәсіпкерді атып өлтірді
Қырғызстан президенті аппараты зерттеуге қатысты пікірін айтты. Президенттің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева "құқық қорғау органдары материалда келтірілген дәлелдерді назарға алады" деді.