Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық Deutsche Welle басылымына сұқбат беріп, "Шыңжаңдағы қазақтарға қысым жасалып жатыр" деген ақпаратқа қатысты ойын айтты.
- Біріншіден, Шыңжаңда Қытай азаматтары тұрады. Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты. Қытайдың қайта тәрбиелеу орталықтарында бірен-саран ғана этникалық қазақ отырған болар. Біз мұны геосаясаттың бір бөлігі екенін жақсы түсінеміз, себебі Қытай мен АҚШ арасында қазір сауда соғысы жүріп жатыр. Бұл қалай аяқталатынын, Қытайға қатысты санкциялар алына ма я қала ма, ол жағын уақыт көрсетеді. Бірақ Қазақстан антиқытайлық фронттың бір бөлігіне айналып кетпеуі тиіс, - деді Тоқаев.
Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйренетін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандар отыр" деп мәлімдеген.
Былтырдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр" деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған.
Ресми Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы жағдайға қатысты ресми ұстанымын білдірмеген, бірақ елдің сыртқы істер министрлігі Қытайдағы қазақтардың мәселесі дипломатиялық жолдармен шешіліп жатқанын айтқан.
Қазанның басында АҚШ "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деп" Қытайдың бірнеше компаниясы мен шенеунігіне санкция салған.
АҚШ санкция салған компаниялар арасында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, адам жүзін анықтау құрылғыларын дайындайтын Sense Time және Megvii Technology компаниялары бар.