15 желтоқсан күні Ақтөбеде полицейлер жергілікті белсенділердің үйін аралап, полицияға шақыру қағазын таратқан. Бұл туралы Азаттыққа ақтөбелік белсенділер Ақтамақ Көптілеуова мен Әлібек Молдин айтты. Олар Азаттық тілшісіне полицияның шақырту қағазын да көрсетті.
- 15 желтоқсан күні кешкілік өзін таныстырмаған полиция қызметкері маған шақыру қағазын тастап кетті. Қағазда 16 желтоқсан күні сағат 10.00-де Ақтөбе облыстық полиция департаментіндегі №407 кабинетке келуіңіз керек деп жазылған. Мен ертең мереке болғандықтан полицияға бара алмайтынымды айттым, - дейді Ақтамақ Көптілеуова.
16-17 желтоқсан елде Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ресми түрде демалыс деп жарияланған.
Полицияға жергілікті белсенді Әлібек Молдин де шақырту алған. Молдин ресми түрде демалыс күні болғандықтан полицияға бара алмайтынын айтады.
- Қытай экспанциясына қарсы наразылық акциясына (күзде елдің бірнеше аймағында жұрт Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы наразылыққа шыққан – ред.) қатысқан ақтөбеліктерді полиция шақырып жатыр. Полиция қызметкерлері шақыру қағазын беріп қана қоймай, белсенділерден "ертеңгі митингіге шығасыз ба?" деп сұраған, - дейді Әлібек Молдин.
Азаттық тілшісі осыған орай Ақтөбе облыстық полиция департаментінен пікір алмақ болғанымен, полицияның баспасөз қызметінен жауап болмады. Прокуратурадан да ешкім телефон қоңырауына жауап бермеді.
Белсенділер "бұл – 16 желтоқсанға жоспарланған митингінің алдын алуы шарасы" деп санайды.
Қазақстан соты қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні жұртты билікке қарсы наразылыққа шақырған.
2018 жылы Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, осы қозғалыстың жетекшісі Мұхтар Әблязов ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
15 желтоқсанда елдің бас прокуратурасы "белгілі бір адамдар, шетелде жүргендер жұртты 16 желтоқсанда наразылыққа шақырып жатқанын, жоспарланған митингінің заңсыз екенін" айтып, шеруге шыққандар жазаланатынын ескертті.
Қазақстанда халық қандай да бір бейбіт шеру, митингіге шығатын болса, жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін "заңсыз" деп тауып, қатысушыларын ұстайды және жауапқа тартады. Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт митинг заңын" қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билік "Бейбіт митингіге шығу" заңы қаралатынын бірнеше рет айтқанымен, әзірге өзгеріс жоқ.