Иманғали Тасмағамбетов «зейнет жасына жеткендіктен» Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен босатылды. Бұл туралы 18 желтоқсанда Қазақстан президенті әкімшілігі хабарлады.
9 желтоқсанда Тасмағамбетов 63 жасқа толған еді.
Тасмағамбетов совет кезеңінде комсомол жетекшілерінің бірі болып, тәуелсіздік кезінде президенттің көмекшісі, Атырау облысының, Алматы қаласы мен астананың әкімі және қорғаныс министрі қызметтерін атқарған.
Ол Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып 2017 жылы ақпанда тағайындалған. Тасмағамбетовті бұл қызметке сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған еді.
Тасмағамбетов 1970 жылдары карьерасы жаттықтырушы және ауыл мектебінде мұғалім болып бастаған. 1986 жылы Гурьев обкомының бірінші хатшысы болып тағайындалды. 1989 жылы Қазақстан жастарының Лениндік коммунистік одағы орталық комитетінің хатшысы болды. 90 жылдардың басында жастар ісі комитетін басқарды, президент көмекшісі қызметін атқарды, премьер-министрдің орынбасарлығына тағайындалды. 90 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Атырау облысының әкімі болды.
2002 жылдың қаңтары мен 2003 жылдың маусымында премьер-министр қызметін атқарды.
Бұл қызметтен соң мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігінің жетекшісі болды.
Оқи отырыңыз: Назарбаевтың «сенімді серігі» әрі «қауіпті бәсекелесі»
Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сай, Тасмағамбетовтың екі қызы, бір ұлы бар. Үлкен қызы бизнесмен Кеңес Рақышевқа тұрмысқа шыққан. Forbes журналының есебінше, Рақышевтің байлығы – 610 миллион доллар.
Басылымның дерегінше, Рақышев «Fincraft» компаниясына иелік етеді. Standard сақтандыру компаниясында, NetElement компаниясында, алтын өндірумен айналысатын ресейлік Petropavlovsk компаниясында үлесі бар. Рақышев Petropavlovsk компниясындағы акцияны Тасмағамбетов сол жақта елші болып тұрғанда алған.
Рақышев өзі акционер болған «Қазкоммерцбанкті» 2017 жылы 2 теңгеге «Халық банкке» сатқан. «Халық банк» Динара және Тимур Құлыбаевтардың (елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мен күйеу баласы) бақылауында.