8 қаңтарда Иран АҚШ әскерилері мен коалиция күштері шоғырланған Ирактағы бірнеше нысанды ондаған зымыранмен атқылады, олардың арасында Ирактың батысындағы әл-Асад және Эрбилдегі база да бар деп хабарлады Пентагон.
АҚШ-тың қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Джонатан Хофман "бұл зымырандарды Иранның жібергені анық" деді. Ол шығын мөлшері бағаланып жатқанын айтты.
Иранның мемлекеттік телеарнасы Ислам революциясы сақшылары корпусы "Ирактағы америкалық Айн әл-Асад базасын ондаған зымыранмен атқылады" деп хабарлады. Сақшылар корпусы "жаңа агрессия болған жағдайда бұдан да жойқын шабуылдар" болатынын ескертті.
"Біз АҚШ-тың Ирактағы нысандарына шабуыл жасалғанынан хабардармыз. Президент те біледі, ол жағдайды мұқият бақылап отыр және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі командасымен кеңесіп жатыр" деді Twitter-де АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Стефани Гришэм.
Америкалық басылымдардың жазуынша, АҚШ-тың барлау қызметі Американың Ирак немесе өзге елдердегі нысандарына шабуыл жасалатынын алдын ала ескерткен. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Twitter-де "Біз әскери қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Трамп әкімшілігі тарабынан қажетсіз арандату әрекеттерді де тыюымыз керек, Ираннан күш қолдануды тоқтатуын талап етуіміз қажет" деп жазды.
Әскери базаларға шабуыл жасалғаны туралы хабар пайда болғаннан кейін Brent маркалы мұнай бағасы төрт пайызға қымбаттады, Америка нарығында мұнай бағасы үш пайызға қымбаттады.
Ислам революциясы корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген. "Құдс күштері" Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан.
Тегеран "Сүлейманиді өлтірген АҚШ-тан кек алатынын» мәлімдеген. АҚШ президенті Дональд Трамп та «Тегеран шабуыл жасаса, Иранның 52 орнын бомбалайтынын" айтқан.