16 қаңтарда "Қазақстанның демократиялық партиясын" құрғысы келетін бастамашыл топ өкілдері Алматыда жиын өткізіп, ақпан айында өтетін съезге дайындалу барысында өздеріне қысым күшейгенін айтты.
Бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамайдың айтуынша, соңғы үш күннен бері әр аймақтан бастамашыл топқа кірген азаматтар хабарласып, жергілікті билік пен полицияның үйлеріне барып, өздерін "тергегенін" айтып шағымданған.
- Бастамашыл топ өкілдерінің әрқайсысының үйлеріне полиция қызметкерлері, жергілікті әкімдік, ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері барып, "Не үшін демократиялық партияға қосылдыңыздар?", "Не үшін оларды қолдап отырсыздар?", "Кім қол жинады?", "Олар - оппозициялық саяси күш", "Олар бүгінгі билікке қарсы. Ертең жұмыстан не бизнестеріңізден айырылуыңыз мүмкін, оқудан шығарылуыңыз мүмкін" деген. Осындай қорқыту-үркіту науқаны жүріп жатыр. Бүкіл Қазақстан бойынша болып жатыр, - дейді Жанболат Мамай.
Мамай "қысым көрген" кейбір адамдардың аты-жөнін де атап, оларға нақты қай орган "қоқан-лоқы жасағанын" айтты. Солардың бірі Алматы қаласы Алатау ауданы Ақбұлақ шағын ауданында тұратынын айтқан Абзал Достияров 15 қаңтарда өзі үйде жоқта әкімдіктің ішкі саясат бөлімінен екі қызметкер келіп, "өзінің бастамашыл топтағы әрекеті" жайлы сұрап кеткенін айтты.
- Үйде аяғы ауыр әйелім мен інім ғана болған. Ішкі саясат қызметкерлері "Абзал Достияров сіздерге кім болып келеді?", "Бастамашыл топқа қосылу үшін қол қойдыңыздар ма?", "Мынау шынымен де сіздердің қолдарыңыз ба?" деген сияқты сұрақтар қойған. Жеке нөмірлерін жазып алып, кейін "хабарласамыз" деген. Мұны қоқан-лоқы деп білемін. Мен көрші-қолаң, туыстарым, таныстарым арасында жинаған қолдарым үшін уайымдамаймын. Өйткені бәрінің көзі ашық, жүйенің өзгергенін қалайтын күрескер азаматтар, - дейді Абзал Достияров.
Бастамашыл топ өкілдері қысымға байланысты прокуратураға шағым түсіретінін айтты.
Азаттық тілшісі 16 қаңтарда Алатау аудандық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жетекшісіне хабарласып көрген еді. Бірақ қабылдау бөлімі берген телефон жауап бермеді.
31 жастағы журналист, белсенді Жанболат Мамай қазан айында Алматыдағы жиында "Қазақстанның демократиялық партиясын" құратынын мәлімдеген. Ол "партияның мақсаты сайлауға түсу емес, елдегі билік жүйесіне өзгеріс енгізу, халықтың үнін билікке жеткізу" екенін айтқан.
Ол кейінірек облысты аралауға пробация қызметінің рұқсат бермей отырғанын хабарлаған. Қараша айында бастамашыл топ өкілдерінің аймақтағы кездесулері кезінде бірнеше адам шу шығарған.
Қазақстан заңнамасы бойынша, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өткізу қажет. Жанболат Мамай 26 желтоқсанда 1122 адамнан құралған бастамашыл топты әділет министрлігінің тіркегенін хабарлап, 22 ақпанда съезд өткізетінін мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Демпартия құрғысы келетін бастамашыл топ әділет министрлігіне құжат тапсырды
Қазіргі заңнама бойынша партияны ресми түрде тіркеу үшін 40 мың мүшесі болуы керек. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 20 желтоқсанда "ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің" отырысында партия құруға қажетті адамдар санын 40 мыңнан 20 мыңға азайту қажеттігін айтқан.
Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар. Парламентте үш партияның өкілдері отыр: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы, билікшіл "Ақ жол" және "Коммунистік халықтық партиясы".
Видео: "Демпартия" құрғысы келетіндердің жиынында шу шығарған адам әкімдіктен тендер алған (24 желтоқсан 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5