31 қаңтарда түстен кейін Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласында шетелдік нөмірі бар көлік иелерінің митингісі болды. Наразылыққа шыққандар биліктен көліктерді тіркеу шартын жеңілдетуді сұрады.
Алматыда митинг Республика алаңында өтті. Оған шамамен ондаған 20-30 шақты адам жиналды.
"Утилизациялық алым тым қымбат. Алым көлемін не үшін солай бекіткенін ешкім дұрыс түсіндірмейді. Бұл қаржы қайда кетеді? Жергілікті телеарналардың бірінің хабарлауынша, бұл жеке компанияларға кетеді" деді наразылыққа келген әйелдердің бірі.
"Көлікті бастапқыда тіркеу үшін 1 млн 325 мың теңге төлеуім керек. Мен утилизациялық алым туралы айтып отырған жоқпын. Бұл автодилердің мүддесін ашық түрде қорғау" деді Дәукен Санатов есімді жүргізуші.
Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратып жатыр:
Алматыда оқиға орнына кеден мамандары да келді. Аты-жөнін Қайрат Букишев деп таныстырған адам жүргізушілердің "заңды дұрыс түсінбегендіктен" наразылық жасап отырғанын айтты. Оның айтуынша, Армения мен Қырғызстанда тіркелген көліктерді Қазақстан шекарасынан өткізген кезде жүргізушілер ешқандай кедендік баж салығын төлемеген.
"Ол жаққа барып, көлікті сатып алар кезде бірінші заңды оқып алу керек еді. Барлық ақпарат ресми органдардың сайтында тұр" деді ол наразы азаматтарға.
Ал жүргізушілер баж салығы мен утилизациялық алым төлеуге қарсы еместігін, тек халықтың жағдайын ескеріп, оларды арзандату қажеттігін айтты.
- 2019 жылы Армениядан 3,5 миллион теңгеге Toyota көлігін сатып алдым. Мен оны әдемілік үшін емес, отбасымды асырайын деп алдым. Енді міне, оны тіркету үшін бірнеше миллион теңге төле деп талап етіп отыр. Мен ол ақшаны қайдан аламын? Билік заңға сілтеме жасайды. Ал заң не үшін қабылданады? Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қабылданады. Ендеше заңды өзгертсін, - деді Дамир Оңғарбек есімді жүргізуші.
Дәл осыған ұқсас митинг Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында да өтті. Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, мұнда митинг қалалық әкімдіктің маңындағы алаңда өткен. Оған шамамен 150 жүргізуші жиналды. Олар әкімнің шығуын талап етті. Оқиғаны шамамен 30 шақты полицей бақылап тұрды.
Сәлден соң әкімдік өкілдері келіп, жүргізушілердің "заңсыз митингі жасап жатқанын" айтып, тарауды талап еткенмен наразы жүргізушілер одан бас тартты.
Нұр-Сұлтанда әкімдік алдына жүзден астам адам жиналды. Жүргізушілер қала әкімінің шығуын талап еткенмен әкім шықпады. Кейінірек әкімдік өкілдерімен мәселені талқылау үшін әкімдік ғимаратының ішіне кіріп кетті. Бірақ ол жаққа Азаттық тілшілерін кіргізген жоқ.
Биыл қаңтардың 14-і күні ішкі істер министрлігі "Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін" мәлімдеген еді. Министрлік шетелден көлік алғандарға барлық төлемді, утилизация алымын және баж салығын өтеп, автомашиналарын тіркеуді ұсынған.
Бұдан кейін Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында жүргізушілер жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап еткен.
24 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақытша тіркеуді тапсырған.
Президент мұндай көлігі бар адамдар 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көлікті тұрақты тіркеуден өткізуі қажет немесе көлікті Қазақстан аумағынан шығаруы тиіс немесе заңмен тыйым салынбаған басқа әрекетті жүзеге асыруы тиіс деген.
(Жаңалық толықтырылады).