8 ақпанда таңертең полиция мен ұлттық гвардия жасағы Алматыдағы "Барахолка" базары аумағын қоршады деп хабарлады Vlast сайты. Полиция өкілдері оқиғаны өрт сөндіру жаттығуларымен байланыстырған. Олар шараның Қордайдағы жанжалға байланысты емес екенін айтқан. Дегенмен қаладағы ірі "Ялян" базары маңында өрт сөндірушілер көліктері көрінбейді, есесіне полицейлер мен жүк көліктері көп. Базар жабылған.
Азаттық тілшісі әзірге полициядан жауап ала алмады.
Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында жанжал болды. Жанжалдың неден шыққаны әзірге белгісіз. Билік адам шығыны болғанын айтты. Бірақ нақты санын ашып айтпады. Полиция "Бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізе бастады. 8 ақпанда таңертең жанжал болған ауылға барған Азаттық тілшілері ауылда өртенген үйлердің көп екенін көрді.
Қарай отырыңыз: Жанжалдан кейінгі Масанчи ауылы (8 ақпан 2020 жыл).