Қордайдағы жанжалдан кейін 8 ақпан күнгі дерек бойынша, Қазақстаннан Қырғызстанға қарай шамамен 4500 адам шекараны кесіп өтті деп хабарлады құпия дереккөзге сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі. Жақын арада бұл көрсеткіш ұлғаюы мүмкін. Қырғызстанның ресми органдары әзірге бұл ақпаратты растамады.
Бұған дейін шекарадағы бақылауды күшейткен Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі Қазақстаннан келгендердің бәрін коронавирусқа байланысты тепловизормен тексеріп жатқанын айтты. Шекарадан өткендердің басым бөлігі - балаларын жетектеген әйелдер мен қарттар.
Видео: Қордайдағы жанжалдан соң жүздеген адам Қырғызстанға қашты (9 ақпан 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
"Кен-Булук - автожол", "Токмок - автожол" бақылау өткізу пунктінен өткісі келгендер саны әлі де азаймай отыр. Азаттық тілшісінің айтуынша, 8 ақпанда Қазақстан жағындағы өткізу пунктінің алдында ондаған адам кезекте тұрған.
Қазақстанның шекара қызметі әзірге оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді.
Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында жанжал болды. Билік 8 адамның өлгенін, 40-тан астам адамның жарақаттанғанын хабарлады. Полиция "Адам өлтіру" және "Тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық істер қозғады.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, жанжалдан кейін 17 қазақстандық Тоқмақ ауруханасына түскен. Олардың 10-ы сол ауруханаға жатқызылған. Екеуі Бішкекке әкетілген. Зардап шеккендердің бір бөлігі Қордай аудандық орталық ауруханасына жатқызылған.
Оқиғаға байланысты Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланды.