Жамбыл облысының полициясы Қордай ауданындағы ұлтаралық жанжалға себеп болған жолдағы төбелеске қатысуы мүмкін ұлты дүнген үш ағайындыны қамауға алды.
18 ақпанда Қазақстан бас прокуратурасы Воингуй отбасынан шыққан үш ағайынды полицияға шабуыл жасады деген күдікпен қамалғанын, оларға қатысты іс Қордай аудандық сотына жолданғанын мәлімдеді.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2020 жылдың 7 ақпанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Сортөбе ауылында жол полициясы жергілікті тұрғын Л. Воингуй мінген "Хонда Одиссей" автокөлігін тоқтатқан. Көлік құжаты болмағандықтан жүргізуші Л.Воингуйді полиция бөліміне апармақ болған. Ол полиция талабына бағынбай, үйіне кетуге тырысқан және ағалары А. Воингуй және М. Воингуймен бірге полиция қызметкерлеріне қол көтеріп, жанжал шығарған.
Бас прокуратураның хабарлауынша, үш айыпталушы кінәларын толық мойындап, қамауға алынды.
Бұған дейін, 12 ақпанда Қордайдағы жанжалға байланысты мәлімдеме жасаған бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев бірнеше адам "ұлтаралық араздық қоздырды, күш қолдануға шақырды" деген күдікке ілінгенін, үстерінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.
7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи, Ауқатты, Сортөбе ауылдарында жергілікті қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 11 адам қаза болған. 185 адам зардап шегіп, 40-тан астам адам жараланған. 39 тұрғын үй, 20 сауда орны, 47 көлік өртенген. 7-13 ақпан аралығында Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбедегі бақылау өткізу пунктінен Қырғызстанға 23 131 адам өтіп, 21 261 адам қайта келген.
Этникалық конфликт басталар алдында әлеуметтік желіде түрлі ұрандар айтылған видеолар жарияланған. Соның бірінде Қордай ауданы ауылдарының бірінде жол полициясы қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар арасында жанжал болып жатқаны көрсетілген.