5 наурызда Әлнұр Ильяшев, Даная Қалиева, Дәулет Әбілқасымов бастаған бірнеше белсенді "Нұр Отан" партиясының Алматы қаласындағы бөлімшесіне барды. Бір күн бұрын Әлнұр Ильяшев Нұр-Сұлтанда партияның саяси кеңесі бюросының отырысы өтетін күні "Оккупай "Нұр Отан" атты акция өткізетінін әлеуметтік желіде хабарлаған еді.
Белсенділер мен партия өкілдері кездеспес бұрын партия бөлімшесінің ғимараты ішінде айғай-шу болып, екі жақ сөзге келіп қалды. "Нұр Отан" партиясы Алматы бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров пен "Нұр Отанның" өзге де өкілдері "ғимарат ішінде акция өткізбек болды", "қоғамдық тәртіпті бұзды" деп белсенділерді айыптады. Белсенділер "Нұр Отанның" азаматтарды қабылдайтын күні болғандықтан сұрақ қоюға құқықтары бар екенін айтты.
Партия өкілдерінің жанында "Нұр Отанды" қорғап, жақтаған адамдар да жүрді. Олар белсенділерді "қабылдауға басқа да адамдар келгенін айтып" асықтыруға тырысты.
Кездесу кезінде Әлнұр Ильяшев "Нұр Отан" партиясы мүшелері жемқорлық істеріне жиі ілінетіні неліктен деп сұрады. Ол Алматы қаласы Алатау ауданының бұрынғы әкімі мен Нұр-Сұлтандағы Байқоңыр ауданының бұрынғы әкімінің қамалғаны туралы ақпаратты мысал ретінде келтірді.
Станислав Канкуров "былтыр Қазақстанда мыңнан астам жемқорлықпен жауапқа тартыылғанын, оның он пайызына жуығы ғана "Нұр Отан" мүшесі екенін, партия қатары тазартыла берітінін" айтты.
Кездесу кезінде белсенділер партия құру туралы бастамаларға (Санавар Закирова, Жанболат Мамай т.б белсенділердің партия құру туралы бастамасын жүзеге асыра алмауы) биліктің кедергі келтіретінін айтты. Ал Нұр Отан" өкілдерінің сөзінше "оған партияның" еш қатысы жоқ. Кездесуде Әлнұр Ильяшев Канкуровтың алдына "Stop Nazarbayev system" деген жазуы бар плакатты жайды, оған "Нұр Отан" мүшелері қарсы болды.
Бұған дейін бұрынғы президент, "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесі бюросының отырысын 5 наурызға белгілегені хабарланған. Бұл отырысқа ақпарат құралдары шақырылмаған.
Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурыз айында президенттіктен кеткен, бірақ ол "Нұр Отан" партиясы мен қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікте қалған. Сарапшылар "Нұр Отанды" Қазақстанның саяси өміріне монополия орнатқан билік партиясы" деп сынайды.
Оқи отырыңыз: "Нұр Отан" партиясының 20 жылдағы эволюциясы
Назарбаевтың орнына былтыр президент болып, "Нұр Отанның" мүшесі Қасым-Жомарт Тоқаев келген. 9 маусымдағы сайлауда ол 70 пайыздан астам дауыспен жеңіске жеткен. Сайлау өткен күні елде билікке қарсы жаппай наразылық шарасы өтіп, полиция мыңдаған адамды күштеп ұстаған. Халықаралық ұйымдар мен тәуелсіз бақылаушылар сайлау күні полицейлердің халықты жаппай ұстауын сынаған.