Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавирус табылған төрт адамның үшеуінің жағдайы - қалыпты, біреуінің жағдайы - орташа ауыр деп хабарлады. Науқас ер адам 12 наурызда Германиядан ұшып келген.
"Барлығы хаттамаға сай емделіп жатыр. Вирусқа қарсы және симптомдық терапия өз уақытында басталды. Стационарда қажетті дәрі-дәрмек, қорғану құралдарының бәрі бар" деді Тілеухан Әбілдаев.
Оның айтуынша, Алматы қаласында науқастарды оқшауландырып емдейтін үш медициналық мекеме бар.
14 наурыз түстен кейінгі жағдай бойынша, Қазақстанда 6 адамнан коронавирус табылған. Үш ер адам, үш әйел. Олардың барлығы дерлік Еуропадан ұшып келген. Үшеуі - Германия, біреуі - Италия, біреуі - Варшава, біреуі Мәскеуден келген. Олардың төртеуі Алматы, екеуі Нұр-Сұлтандағы карантиндік стационарларда емделіп жатыр. Олармен бірге бір ұшақта келгендердің бір бөлігі карантинге жатқызылған, қалған бір бөлігін дегсаулық сақтау министрлігі іздеп жатыр.
Министрлік дерегінше, қазір Қазақстан бойынша стационарлық карантинде 1090 адам жатыр. 452 адам үй жағдайындағы карантинде жатыр.
Коронавирусқа байланысты Қазақстанда төмендегідей шаралар енгізілген:
- Қоғамдық шара өткізуге тыйым салынды;
- Мектеп оқушыларының көктемгі демалысы бір апта ерте басталады: 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында;
- 16 наурыздан бастап жоғары оқу орындары, колледждер онлайн оқуға көшеді;
- Балабақшалар жұмысын істей береді;
- Сауда орындары, базарлар істей береді;
- Қоғамдық көліктер тұрақты түрде дезинфекциядан өтеді;
- Көп бағыт бойынша әуе рейстері қысқарды;
- Сауда орталықтарындағы балалар алаңдары, кинотеатрлар жабылады;
- Билік өкілдері тұрғындарды той, туған күн сияқты көп адам жиналатын шара өткізбеуге шақырды.
Коронавирус бойынша соңғы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқып, біле аласыздар.