Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 15 наурызда түс кезінде Қазақстанда тағы екі адамнан коронавирус табылғанын хабарлады.
"Бірінші науқас - әйел адам. Инфекциялық стационарда жатқан пациент. Бұрын күйеуінен [коронавирус] анықталып, жақын контакті ретінде оқшауланған болатын. Қосымша диагностиканың нәтижесінде коронавирустық инфекция табылды. Бұл отбасына жақын контактілердің барлығы оқшауланды. Қазір сол инфекциялық ауруханада" деді Біртанов.
Оның айтуынша, екінші науқас - ер адам 14 наурызда Сеул - Алматы бағыты бойынша ұшақпен келген.
"Жалпы ұшақта болған 130 жолаушының барлығы карантиндік стационарға жатқызылды. Қалаға ешкім кірген жоқ. Карантинге жіберілген сол пациенттердің арасында диагностиканың нәтижесінде бір адамнан коронавирусты анықтадық" деді Біртанов.
Осылайша елде коронавирусты жұқтырғандар саны сегізге жетті. Министрдің айтуынша, олардың айналасында болған адамдардың барлығы анықталып, оқшауланған.
"Біз тізім бойынша жұмыс істедік. Кейбірі стационарлық карантинге жатқызылды. Кейбірі үй жағдайында карантинде жатыр. Стационарлық карантинде 1400-ден астам адам жатыр, 545 адам үйде карантинде. Басқа елден келіп жатқан азаматтар үш категория бойынша бақылауда".
13 наурызда Қазақстанда алғаш рет төрт адамнан коронавирус анықталған еді. 14 наурызда олардың саны алтыға жетті. Олардың барлығы 9 наурыздан бері Еуропаның түрлі қалаларынан ұшып келген. Қазір олардың төртеуі - Алматы, екеуі Нұр-Сұлтан қаласындағы карантиндік стацонарларда емделіп жатыр. Сенбі, 14 наурызда алматылық дәрігерлер үшеуінің жағдайы қалыпты, біреуінің жағдайы орташа ауыр деп хабарлаған.
Коронавирусқа байланысты Қазақстанда төмендегідей шаралар енгізілген:
- Қоғамдық шара өткізуге тыйым салынды;
- Мектеп оқушыларының көктемгі демалысы бір апта ерте басталады: 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында;
- 16 наурыздан бастап жоғары оқу орындары, колледждер онлайн оқуға көшеді;
- Балабақшалар жұмысын істей береді;
- Сауда орындары, базарлар істей береді;
- Қоғамдық көліктер тұрақты түрде дезинфекциядан өтеді;
- Кейбір бағыт бойынша әуе рейстері тоқтады;
- Сауда орталықтарындағы балалар алаңдары, кинотеатрлар жабылады;
- Билік өкілдері тұрғындарды той, туған күн сияқты көп адам жиналатын шара өткізбеуге шақырды.
Коронавирус бойынша соңғы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқып, біле аласыздар.