Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп барады. 18 наурызда таңертең денсаулық сақтау министрлігі Алматыда тағы екі адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріптің айтуынша, бірінші науқас - 1998 жылғы студент қыз Стамбул - Алматы бағыты бойынша 15 наурызда ұшып келген. Екінші науқас - 1974 жылғы әйел Мәскеуден Алматыға 10 наурызда келген.
- Екеуі де стационарға жатқызылды. Олардың жағдайы жақсы, - деді Диас Ахметшәріп.
Қазақстанда осылайша коронавирус жұққан адамдар саны 35-ке жетті. 17 науқас - Алматыда, 18 адам Нұр-Сұлтанда емделіп жатыр. 19 наурыз түнгі сағат 00.00-ден бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин енгізіледі. Қалаларға көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстанның барлық аумағына 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін төтенше жағдай енгізген.
Коронавирус туралы соңғы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқып, біле аласыздар.
Әлемде Covid-19 коронавирусы 197 мыңнан астам адамға жұқты. Қаза болғандар саны 8 мыңға жуықтады. 82 мыңға жуық адам айығып кеткен. Вирус 150-дан астам елге тарады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде адамдар мен созылмалы ауруы бар адамдарға ауыр салдары бар.
Көре отырыңыз: Коронавирус симптомдары