30 наурыздан бастап коронавирустың тарауына байланысты Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалалары карантинге жабылады. Бұл туралы 29 наурызда Қарағанды облысы әкімдігі хабарлады.
Қарағанды облысы әкімдігінің дерегінше, қазір облыста 509 адам карантинде жатыр. Бұл аймақта жеті адамнан коронавирус табылған. Жергілікті билік вирус жұқтырған жеті адам да әуежайдан бірден карантинге алынғанын, басқа адамдармен байланыста болмағанын айтып келген.
"Вирус жұқтырған жеті адам да Қарағанды қаласында. Бірақ айналадағы қалалардан адамдар жұмысқа, басқа да шаруасымен Қарағанды қаласына келеді. Сондықтан вирустың тарамауы үшін басқа қалаларды да карантинге жабамыз. Мемлекеттік комиссияға автожолдар мен теміржолдарды тоқтатып, әуе рейстерін жабу туралы өтініш білдірдік. Қоғамдық көліктердің жұмысын азайту және карантин аймақтарын толық қоршауға алу жағын да сұраймыз" деді Қарағанды облысы қызмет көрсету және тауар сапасын бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров 29 наурыздағы брифингте.
Бұдан бөлек, 30 наурыздан бастап Атырау қаласы да карантинге жабылмақ. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін коронавирустың таратуына байланысты Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылған. Ал Шымкент қаласында жұрттың сыртқа шығуына шектеу қойылған. 30 наурыздан бастап Ақтау қаласында да шектеулер қойылады.
Елде Covid-19 дертіне шалдыққан науқастар саны 251 адамға жетті. Барлығы 18 адам (Нұр-Сұлтан - 13, Алматы - 5) аурудан жазылған. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 65 жастағы әйел адам коронавирустан қайтыс болған.
Вирус жұқтырған 251 адам мына қалаларда:
- Нұр-Сұлтанда - 151 адам
- Алматыда - 64 адам
- Қарағандыда - 7 адам
- Ақмола облысында - 6 адам
- Атырау облысында - 6 адам
- Алматы облысында - 4 адам
- Жамбыл облысында - 3 адам
- Қызылорда облысында - 2 адам
- Шымкентте - 2 адам
- Шығыс Қазақстан облысында - 2 адам
- Ақтөбе облысында - 1 адам
- Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам
- Павлодар облысында - 1 адам
- Маңғыстау облысында - 1 адам.