31 наурызда түсте Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова қалада 50 жастағы ер адам коронавирустан көз жұмды деп хабарлады. Марқұм 21 наурызда ауруханаға жатқызылған.
"Бір ай ауырып, медициналық көмекке жүгінбеген. Жұмысы жеке іссапарлармен байланысты болған. Онымен жақын араласқан отбасы мүшелері және әріптестері барлығы 31 адам ауруханаға жатқызылды" деді Қисықова.
Жақын байланыста болған 55 адам үй карантиніне жіберілген. Марқұмның екі жақынынан коронавирус анықталған.
Бұған дейін 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 65 жастағы әйел адам коронавирустан қайтыс болған. Осылайша Қазақстанда коронавирустан барлығы екі адам көз жұмды.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқастар саны 325-ке жеткен. Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада бірінші орында тұр. Мұнда 175 адамнан вирус табылған. Алматыда - 82, Қарағанды мен Атырауда - 13 науқас тіркелген. Елдің басым бөлігінде шектеу шаралары енгізілген.