Түрмедегі азаматтық белсенді Әсет Әбішев тәртіптік изоляторға қамалды. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Гүлнар Жуаспаева хабарлады.
- Әсет коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шарасын күшейтуді, тұтқындарға қосымша маска үлестіріп беруді, дезинфекция жасауды талап еткені үшін карцерге қамалған. Маған бұл ақпаратты өзге әріптесім - сол колонияда түрмеде отырған адамның адвокаты хабарлады. Қазір колонияларда карантин жарияланған, кездесуге рұқсат жоқ. Колония басшылығымен сөйлесе алмадым. Әзірге, Әбішевтің қанша тәулікке жабылғанын да білмей отырмын,- деді адвокат Гүлнар Жуаспаева.
Азаттық тілшісі де Алматы облысы Заречный кентіндегі 155/14 колониясына хабарласқанмен нақты жауап алмады. Ондағы кезекші басшылықтың «колония ішінде этаппен келген жазасын өтеушілерді қабылдап жатқанын» жеткізді. Алматы облысының мамандандырылған прокурорының орынбасары Ербол Керімбек Әбішевтің тәртіптік изоляторға қамалғанын растады.
- Кеше, 7 сәуірде бізге колония қызметкерлері арнайы хабарлама жеткізді. Видеосын алғыздық, заңдылығын тексердік. Әбішевтың қалтасынан мобильді телефон шыққан. Сол үшін 15 тәулікке тәртіптік изоляторға жатқызылған. Егер бізде видео дәлелдеме болмаса, бұл әрекетке бармас едік. Қазір колония қызметкерлерінің бәрінде-дерлік формасының кеудесінде камера орнатылған, - деді прокурор.
Ол адвокат Жуаспаеваның «қауіпсіздік шарасын күшейтуді талап етті» деген сөзін жоққа шығарады. Керімбектің сөзіне қарағанда, колония ішінде төтенше жағдай режимі басталғалы бері тәртіп күшейген.
- Колонияда вирус тарамас үшін барлық шара қолға алынған. Жазасын өтеушілердің температурасын күніне үш рет тексеріп, күнде дезинфекция жасалады. Жазасын өтеушілерге маска жетпей жатыр деу де дұрыс емес. Себебі масканы жазасын өтеушілер өздері тігіп, артығын сыртқы сатып жатыр. Мекеме қызметкерлері күн сайын таңертең кірген кезде, кешке шыққанда тексеріледі,- деді Алматы облысының мамандандырылған прокурорының орынбасары Ербол Керімбек.
Алайда бұл айтылғандарға сенбейтінін жеткізген адвокат Гүлнар Жуаспаева «Әсет Әбішев сауатты адам, сондықтан ол заңсыз әрекеттерге бармайды» деді. Ол мекеме басшылығының бұл шешіміне қатысты шағым түсіретінін айтты.
42 жастағы Алматы тұрғыны Әсет Әбішев - Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (қозғалыстың жетекшісі шетелде тұратын бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов) қатысы бар деп айыпталып, төрт жылға сотталған белсенді. (Қазақстанда ҚДТ сот шешімімен экстремистік ұйым деп танылып, ел аумағында қызметіне тыйым салынған. Ал өткен жылы қабылданған Еуропарламент резолюциясында ҚДТ "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп жазылған).
2018 жылы 5 шілдеде ұсталған Әбішев содан бері қамауда отыр. Оған қатысты сот шешімі 2018 жылы 30 қарашада шыққан. 2019 жылы 13 ақпанда апелляциялық сот қаулыны өзгеріссіз қалдырған.
Адвокат Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, Әсет Әбішевке түрмеде өзге сотталғандардың құқығын қорғауға күш салғаны үшін мекеме әкімшілігі қатаң қарайды. Жуаспаева биыл мамыр айында "жоспарлы тінту шарасы" кезінде Әбішевтің таяқ жегенін мәлімдеген.
"Осы жайттар үшін түрме әкімшілігі кек сақтап отыр" дейді адвокат.
Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі былтыр Әсет Әбішевті Қазақстанның саяси тұтқындар тізіміне қосқан.