17 сәуірде кешке Алматы полициясы билікті жиі сынап, түрлі шаралар ұйымдастырып жүрген азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевті “жалған ақпарат таратты” деген күдікпен қамауға алды. Полицейлер белсендіні жұма кешкісін үйінен алып кеткен.
Полицияның оны әкеткен сәтін белсендінің ағасы Дос Ильяшевтің Facebook парақшасындағы қысқа видеодан көруге болады. Видеода полиция формасын киген бірнеше адам өздерін таныстырмай Әлнұр Ильяшевті әкетіп бара жатқаны көрінеді.
Біраз уақыттан соң Алматы полициясының тергеу басқармасы Әлнұр Ильяшевтің “төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты” деген күдікпен уақытша изоляторға қамалғанын хабарлады.
Алматы полициясы "күдікті жұртшылықты әдейі жаңылыстырып, полицейлер талабына құлақ аспады", "Ильяшев өзі жариялаған ақпаратты сот талап етсе де терістемеді" деп мәлімдеді.
Полиция белсендінің нақты қандай ақпарат таратқаны және қашан таратқаны жайлы мәлімет берген жоқ.
Қылмыстық кодекстің "Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату" бабында үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазір белсендінің жақтастары "адвокат тапқандарын, 18 сәуір таңертең адвокаты онымен кездесуге әрекет етіп көретінін" хабарлады.
Алматылық белсенді Әлнұр Ильяшев әлеуметтік, адам құқығы мен бейбіт митингілер тақырыбында көпшілік жиындарда белсенділік танытып келген. Алайда оны көпшілігі жергілікті әкімдікті сотқа берген белсенді деп біледі. Белсенді бейбіт митинг өткізу үшін әкімдікке 35 рет өтініш жазып, рұқсат ала алмаған. Осыдан соң ол әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған. Кейін әкімдік Иляшевқа бейбіт митинг өткізуге рұқсат берген.
Бұған қоса, былтыр 18 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесінің белсенділер Әлнұр Ильяшев, Санавар Закирова және Марат Тұрымбетовтің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырған. Сот "Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов желіде “Нұр Отан” партиясы "Наше право" партиясын құруға кедергі келтірді деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты" деп тауып, бұл жазбаларын жоққа шығаруды талап етті. Бұдан бөлек, үш белсендінің әрқайсысына бір жарым миллион теңге айыппұл салған. Сот шешіміне сай, айыпталушылар "Нұр Отанның" сотқа кеткен шығындарын (шамамен 150 доллар) да төлеуі тиіс.
Белсенді биыл наурызда Нұр-Сұлтанда партияның саяси кеңесі бюросының отырысы өтетін күні Алматыдағы "Оккупай "Нұр Отан" атты акция өткізді.