Мәулен Әшімбаев парламент сенатының төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Қазақстан президенті әкімшілігінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында хабарлады.
Мәулен Әшімбаевты бүгін, 4 мамырда түсте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатып, парламент сенатының депутаты етіп тағайындаған.
1971 жылы Алматы қаласында туған Мәулен Әшімбаев 2006-2011 жылдары Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары, 2012 -2018 жылдары пардламент мәжілісінің депутаты, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, 2018 -2019 жылдары "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
2019 жылы маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғаннан кейін оның көмекшісі, 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген.
Қасым-Жомарт Тоқаев мамырдың 2-сіндегі жарлығымен сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтатқан, бірақ себебін түсіндірмеген. Саясаттанушылар мұны "билік транзитіне әсері бар қадам" деп бағалаған.
Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева отыз жылға жуық билікте болған әкесі Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурыз айында өкілетін доғарған соң мемлекеттік билік иерархиясында президенттен кейінгі екінші лауазым - сенат спикері қызметіне отырған еді.
Сол кезде "Нұрсұлтан Назарбаев президент лауазымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенімен парламент сенатының спикері қызметіне Дариға Назарбаеваны тағайындау арқылы өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр, болашақта Дариға Назарбаева президенттікке ұсынылуы мүмкін дейтін" жорамалдар тараған.
Дариға Назарбаева 2019 жылы қыркүйекте парламенттің жоғарғы палатасы – сенат спикері болып қайта сайланды. Оның кандидатурасын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған.
Қазақстан Конституциясы бойынша, президент қайтыс болса немесе денсаулығына байланысты қызметін атқара алмаған жағдайда оның қызмет өкілеті мерзімі аяқталғанша сенат төрағасына өтеді.