27 мамырда Павлодар қаласының №2 соты облыстың бұрынғы әкімі Болат Бақауовтың бостандығын 3,5 жылға шектеді. Сот бұған қоса, экс-әкімнің мемлекеттік қызметпен өмір бойы айналысуына тыйым салып, мемлекеттік наградаларын қайтарған. 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуді үкім еткен. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.
Informburo.kz сайтының жазуынша, Бақауов кінәсін мойындап, процессуалдық келісім жасаған. Мемлекетке келтірген шығынды толтырған.
Бастапқыда Болат Бақауовқа "Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану" (362-бабы) бабы бойынша айып тағылды. Кейінірек "Лауазымын теріс пайдалану" (Қылмыстық кодекстің 361-бабы) бабына өзгертілді.
Осыған дейін Павлодар облысының тергеу соты Бақауовтың туысы құрылтайшысы болып саналатын "AksuTransLogistic" компаниясы 2014-2018 жылдары 200 миллион теңгедан аса салықты төлеуден "жалтарған" деп хабарлаған. Тергеу "Бақауов қызметін пайдаланып салық органы басшылығынан тексеру қорытындысын өзгертіп, төленбей қалған салықты бес миллион теңгеге дейін азайтуды талап еткен" деп санайды.
16 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бақауовтың "қызметін асыра пайдаланды" деген күдікке ілінгенін мәлімдеп, екі айға қамауға алған. Кейін денсаулығының нашарлап, бұлтартпау шарасымен үйқамаққа ауыстырылған еді.
Болат Бақауов Павлодар облысының әкімі болып 2016 жылы наурызда тағайындалған. 2019 жылы шілдеде оның қызмет уақыты ұзартылған. Бақауов істе болғаннан кейін 2020 жылы 21 қаңтарда Әбілқайыр Ысқақов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды.