Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы қазақ-өзбек шекарасындағы "Жібек Жолы" бекетіндегі автовокзалға бірнеше ай түнеген жүздеген тәжік мигранты Өзбекстан арқылы Тәжікстанға кетті. Бұл туралы 3 маусымда Азаттыққа Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантинге байланысты шекара аймағында қалып қойған 234 тәжік мигранты 2 маусым түнде "Жібек Жолы" шекара бекетінен Өзбекстанға өтіп, Тәжікстанға кеткен. Қазақстанда қалып қойғандары да бар.
Әкімдік бекетке жиналған тәжік мигранттары Тәжікстанның Ходжанд және Хатун облысынан келгенін айтады.
Еліне қайтқан тәжік мигранттарымен телефон арқылы байланысу мүмкін болмады.
23 наурыз күні Өзбекстан коронавирус пандемиясына байланысты шекарасын жапқан. Содан кейін Өзбекстан арқылы өтетін көрші елдердің азаматтарына шекарадан өтуге рұқсат беруді тоқтатқан. Осыдан соң Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жүздеген тәжікстандық еліне өте алмай қалған.
2 маусым күні күндіз ас-сусыз, баратын жері болмаған соң шекара бекетінің маңындағы автовокзалды паналап жүрген жүздеген тәжік мигранты наразылық танытқан. Олар бірнеше айдан бері шекарадан өте алмай жатқанына налып, Тәжікстан билігінің жайбасарлығына қапаланған.