Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропада коронавирус жұқтырғандар қайта арта бастағанын мәлімдеді. ДДСҰ Еуропа аймағы бюросының директоры Ганс Клюге 11 мемлекетте вирустың жылдам тарауын тоқтатпаса, денсаулық сақтау саласын қайта тығырыққа тіреуі мүмкін деп санайды.
ДДСҰ-ның Еуропа аймағына - Еуропаның 54 елі және Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның жеті мемлекеті кіреді. Бұған дейін Солтүстік және Оңтүстік Америкада эпидемиологиялық ахуал ушығып жатқан шақта Еуропада жыл басымен салыстырғанда науқастардың азаюы байқалған еді. Соңғы мәлімет бойынша, Еуропа аймағында 2,6 млн адамға вирус жұққан, 195 мың адам көз жұмған. Бұл әлем бойынша науқастар санының төрттен бірін құрайды, адам өлімінің 40 пайызына тең.
ДДСҰ мәліметінше, күн сайын Еуропа аймағында 20 мыңға жуық жаңа науқас анықталып жатыр. Күніне 700 адам өлімі тіркеледі. ДДСҰ вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына Қазақстанды да кіргізген. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 33 мыңнан аса адамнан коронавирус табылған, 147 адам қайтыс болған. 12 мыңнан астам адам жазылған.
ДДСҰ вирус жылдам тарап жатқан мемлекеттер қатарына Қазақстаннан бөлек, Армения, Швеция, Молдова, Солтүстік Македония, Әзербайжан, Қырғызстан, Албания, Босния-Герцеговина, Украина, Косованы кіргізген.